Қаңтар оқиғасы кезінде Жансейіт Түймебаевтың ұлын өлтірді деген күдікті сотталды

ҚазҰУ ректоры Жансейіт Түймебаевтың ұлының өліміне қатысты сот үкімі шықты. Айта кетейік, Түймебаевтың ұлы қаңтар оқиғасы кезінде қаза тапқан болатын, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Жансейіт Түймебаевтың ұлы 2022 жылы 6 қаңтарда коменданттық сағат басталардан бұрын мерт болды. Ол көлігімен үйіне қайтып келе жатқан. Сәтбаев көшесіне жетер кезде қиылыста тоқтаған. Осы уақытта белгісіз біреулер оның көлігіне оқ жаудырған.  

Алматы гарнизонының әскери соты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 451-бабы 2-бөлігінің 1-тармағында көзделген қылмыстық құқық бұзушылық жасады деп айыпталған әскери қызметші М.-ге қатысты қылмыстық істі қарады.

"2022 жылдың 6 қаңтарында Алматы қаласында жаппай тәртіпсіздіктер кезінде төтенше жағдайда 18404 әскери бөлімінің құрамында, "Республика" қалалық алаңы маңында қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қатысқан сотталушы М. есімді жігіт өз өкілеттіктерін асыра пайдалана отырып, қару қолдануға ешқандай қауіп пен негіз болмаған жағдайда жол айрығында тұрған Lexus 570 көлігіне пулеметтен бірнеше рет оқ атқан. Соның салдарынан көліктің жүргізушісі қаза тапты", - деді әскери соттың баспасөз қызметі өкілдері.

Прокурор сотталған М. - ға 7 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады. Ресми мәліметтерге сәйкес, сотталған кінәні мойындамады.

"Қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін бес жылдан жеті жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген ауыр қылмыстар санатына жатады. Сотталған адамның қылмыстық жауапкершілігі мен жазасын жеңілдететін мән-жайлар бойынша сот жас балалардың бар екенін мойындады. Сот қылмыстық құқық бұзушылықты ант берген адам жасағанын ауырлататын мән-жай деп таныды. Жасалған қылмыстың сипаты мен қоғамдық қауіптілік дәрежесін ескере отырып 6 жыл 6 ай бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды", - делінген әскери соттың баспасөз қызметінің хабарламасында.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Еске салайық, Жансейіт Түймебаевтың ұлы Елнар 2022 жылы қаңтарда Алматыдағы жаппай тәртіпсіздік кезінде қайтыс болған. Елнардың көлігіне белгісіз біреулер оқ жаудырған. Салдарынан ол оқиға орнында қаза болған. Оқиға Сәтбаев көшесіне жетпей Назарбаев көшесінің бойында болған. 

Күдікті былтыр 22 қарашада ұстаған болатын. 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!