Іш өту мен құсу. Энтеровирус жайлы не білу керек?

Іш өту мен құсу. Энтеровирус жайлы не білу керек?
Фото: pixabay.com

Алматыда энтеровирус ауруының маусымы байқалады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап. Ол іш өтумен және құсумен бірге жүреді. Оған ересектерге қарағанда кішкентай балалар жиі ұшырайды.

Алматы қаласы қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының деректері бойынша, жыл сайын мамырдан қазанға дейін энтеровирустық инфекцияның маусымдық өсуі байқалады. Алматы қаласының балалар клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасына маусым айында 810 бала жатқызылды.

№ 11 Алматы қалалық емханасының жоғары санатты инфекционист-дәрігері Перуза Арықованың айтуынша, энтеровирустық инфекциялар - адамның Enterovirus тектес вирустармен зақымдануы кезінде дамитын, клиникалық көріністердің алуан түрлілігімен сипатталатын жұқпалы аурулар тобы.

"Байланыс ортасының кеңдігінен бұл ауруға мектепке дейінгі және мектеп жасындағы балалар жиі ұшырайды. Егер үлкен балалар немесе ата-ана отбасыға инфекция "әкелсе", онда, әрине, жаңа туған нәресте де ауырып қалуы мүмкін. Инфекция көзі - адам (науқас немесе тасымалдаушы). Инкубациялық (жасырын) кезең - орта есеппен 1 күннен 10 күнге дейін, бірақ максимум - 21 күнге дейін. Инфекция жұғуының мүмкін жолдары: ауа-тамшы, байланыс-тұрмыстық, тамақ және су. Су арқылы жұғу жолына шомылу маусымы жатады. Мысалы, балалардың субұрқақтарда, шомылуға арналмаған суқоймаларда шомылуын жиі байқаймыз, ондай жерлерде энтеровирустық инфекция таралады. Ал суды жұтқанда немесе көз, мұрын ішіндегі шырышты қабаттарға түскенде адамның оны жұқтырып алу қаупі жоғары болады, бұл энтеровирустық менингиттің дамуына әкелуі мүмкін", - деп ескертті дәрігер.

Ауру дене температурасының 38-40 градусқа дейін көтерілуінен басталады. Бас ауруы, құсу, кейде іштің ауыруы, ауыз қуысындағы шырышты қабаттардағы жаралар, беттегі, аяқ-қолдардағы бөртпелер пайда болуы, асқазан-ішек жолдары жұмысы бұзылуы мүмкін.

Дәрігер энтеровирустық инфекцияны жұқтыру қаупін азайту үшін келесі мына ережелерді сақтауды ұсынады:

  • Жеке гигиенаның қарапайым ережелерін сақтаңыз, тамақтанар алдында, дәретханадан кейін, тамақ дайындамас бұрын қолыңызды жуыңыз;
  • Жемістер мен көкөністерді сапалы сумен мұқият жуыңыз;
  • Шомылуға арналмаған жерлерде суға түспеңіз;
  • Балаларыңызды субұрқақтарда, ойын аттракциондарындағы үрлемелі бассейндерде шомылуына рұқсат бермеңіз;
  • Қайнаған немесе бөтелкедегі су ішіңіз. Кездейсоқ су көздерінен – құдық, субұрқақ, көлдерден, өзен және т. б жерлерден су ішпеңіз;
  • Ойыншықтарды жуғыш заттармен жуыңыз;
  • Балада аурудың қандай да бір белгілері болса, оны балалар ұжымына (мектеп, мектепке дейінгі балалар мекемелері) жібермеңіз. Аурудың алғашқы белгілерінде дереу медициналық көмекке жүгіну керек, өздігінен емделуге болмайды.

"Жазда дәруменді өнімдерді тұтынуға тырысамыз, бірақ жағымсыз салдардың алдын алу үшін маусымдық жидектер мен жемістерді күту керек. Егер бала ауырып қалса және жоғарыда айтылған белгілерді байқасаңыз, өздігінен емделмеңіз, дәрігерге қаралуға кеңес береміз, өйткені көптеген басқа аурулар энтеровирустық инфекцияның маскасымен жүруі мүмкін", - деді Перуза Арықова.

Жалпы, демалыс маусымында дәрігерлер балаларды күн сәулесінен қорғауға, бас киім киюге, сапалы су ішуге, рұқсат етілген жерлерде шомылуға, жабық жерлерде, адамдар көп жиналатын жерлерден аулақ болуға, ашық ауада көбірек серуендеуге, қолды жиі жууға, жидектерді мұқият жууға кеңес береді. Жемістер мен көкөністер, шөптер және азық-түлікті сақтау шарттары мен сақтау мерзімдерін қадағалаңыз. Сондай-ақ мүмкін болса, қоғамдық орындарда тамақтанбауға тырысыңыз.

Баланың ішегінде құрт бар екенін қалай білуге болады? Мына жерден оқыңыз.

А. Жапатова