Қу сүйегі қалған. Саакашвили сотта жұртты шошытты

Қу сүйегі қалған. Саакашвили сотта жұртты шошытты
Фото: facebook.com/daryna.chyzh

Грузияның экс-президенті Михаил Саакашвили ақпаннан бері алғаш рет клиникадан бейнебайланыс арқылы сот отырысына қатысты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Тікелей эфирдегі скриншоттарды саясаткердің бұрынғы баспасөз хатшысы Дарья Чиж Facebook парақшасында жариялады. Онда Саакашвили ауруханада жатқанда қаншалық азып кеткені көрінеді.

Сот отырысында Саакашвили Грузия парламентінің спикері Шалва Папуашвилидің мәлімдемесіне жауап берді. Папуашвилидің пікірінше, Михаил Саакашвилидің грузиялық және шетелдік достары Грузияны тәртіпсіздіктер үшін құрбан еткен.

"Еуропарламент босатылуымды талап еткені үшін кешірім сұрауы керек екен. Парламент төрағасына айтқым келеді: мені осындай күйге жеткізгеніңіз үшін кешірім сұрауыңыз керек. Еуропарламент депутаттарынан, отбасымнан, менен, Украина мемлекетінен және бүкіл Грузия халқынан грузин мемлекетінің негізін қалаушы осындай күйде екені үшін кешірім сұрауыңыз керек. Папуашвили, маған мұқият қара", - деді Саакашвили сотта.

Саясаткер ауруханада жатқанда қалай азып кеткенін көрсеткен. Алайда оның қазіргі салмағы қанша екені белгісіз. Ал сот процесінің басында Саакашвилидің салмағы 120 келі болды.

Саакашвили - Украина азаматы. Украина президенті Владимир Зеленский Саакашвилидің осындай күйге түскеніне наразылық білдірді.

"Бүгін СІМ-ге Грузияның Украинадағы елшісін шақыруды және астанасымен кеңесу үшін 48 сағат ішінде Украинадан кетуді ұсынуды тапсырдым", - деді Зеленский әлеуметтік желіде.

Украина басшысы Тбилисиден Саакашвилиді емдеу мақсатында беруді сұрады, сонымен қатар, серіктестерінен оның жағдайына немқұрайды қарамауды сұрады.

Айта кетейік, Грузияда Михаил Саакашвилиге қарсы бес қылмыстық іс қозғалған.

Еске салайық, бұған дейін Грузияның экс-президенті Михаил Саакашвилидің анасы Гиули Аласания Тбилисидегі "Вивамед" клиникасына барғаннан кейін ұлының жағдайы туралы айтқаны хабарланған еді. 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова