Абай облысында ішек жұқпалары су көлігі қызметкерлері арасында көп тараған

Абай облысында дәрігерлер ішек жұқпаларының бірі - описторхоз жағдайы су көлігі қызметкерлері арасында көп тарағанын айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Профилактикалық тексеріс нәтижесінде бұл көрсеткіш 75 пайыз болған. Бұл аурудың ең үлкен ошағы Ертіс өзен бассейнінде пайда болды.

"Описторхозды балықты тікелей тұтыну кезінде ғана емес, оны кесу үшін қолданылатын ыдыс-аяқ пен ас құралдарын пайдалану арқылы да жұқтырып алуға болады. 2021 жылы Семей қаласы бойынша описторхозбен 11 адам, 2022 жылы 8 адам ауырса, биыл жыл басынан бері 3 жағдай тіркелген", - деді Абай облысының Семей қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының Эпидемиологиялық қадағалау және бақылау бөлімінің басшысы Динара Тлекина.

Сонымен қатар, дәрігерлер былтыр науқастар саны 31 болса, биыл 4 айда 20 адам ауырғанын мәлімдеді. Ал ішек жұқпасының бір түрі аскаридоздың ең көп таралуы Ет комбинаты мен Жоламан аудандарында, сондай-ақ, қаланың орталық бөлігінде тұратын тұрғындар арасында кездескен.

Айта кетейік, жұқпалы аурудың негізгі себебі - гигиенаның бұзылуы. Осы орайда эпидемиологиялық бақылау және қадағалау бөлімінің мамандары аурудың алдын алу үшін қарапайым ережелерді сақтау маңызды екенін ескертті.

Жайна Серікбек

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!