ҚМА дене шынықтыру және спорт саласына бөлінген қаржыларды бақылап отыр

Қаржылық мониторинг агенттігі дене шынықтыру және спорт саласын дамытуға бөлінген мемлекет қаржысының ұрлануының алдын алу бойынша жұмыс жүргізіп жатыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Ведомство мәліметінше, спорттық-сауықтыру іс-шараларының, нысандардың, құрама командалардың, бұқаралық спорттық іс-шаралардың, федерациялардың рейтингісі мен қауіптері көрсетілген тізбесі қалыптастырылған. 

Сондай-ақ, саланы қаржыландырудың жолдары мен көлемі, оның ішінде демеушілік көмек көлемін анықтау бағытында жұмыстар жүргізіліп жатыр.

2023 жылдың 6 айында ғана Агенттікте жалпы сомасы 269,3 миллион теңге залалы бар 21 іс тергеліп жатыр.

Айта кетейік, ашық ақпарат көздерінен алынған мәліметтерге сәйкес, 2019-2023 жылдар аралығында спортты дамытуға шамамен 300 миллиард теңге бөлінген.

Агенттік тауарлар мен қызметтерді жоғарылатылған бағамен сатып алу, қызмет көрсетудің нақты орындалмауы және басқа да бұзушылықтар бойынша талдау жүргізеді.

Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде спортты дамытуға бөлінген бюджет қаражатының ұрлануына жағдай туғызатын себептерді анықтау және мұндай заң бұзушылықтардың алдын алатын тетіктерді жетілдіру бойынша ұсыныстар әзірлеу жоспарланып жатыр.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!