ШҚО-да 70-тен аса кәсіпкер банкрот болудың алдында тұр

ШҚО-да 70-тен аса кәсіпкер банкрот болудың алдында тұр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Кәсіпкерлер қаланың әр түкпірінде автокөлік тұрақтары жойылуына наразы болды. Олардың сөзінше, көше жолдарының жөнделуі салдарынан бизнестеріне нұқсан келіп жатыр.

ШҚО Кәсіпкерлер палатасы кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және әкімшілік кедергілерді азайту бөлімінің сарапшысы Алыстан Маратовтың айтуынша, бірқатар көше мен даңғылға орташа жөндеу жүргізілгеннен кейін олардың бойында "аялдауға тыйым салынады" деген жол белгілері пайда болды.

Абай және Шәкәрім даңғылы бойындағы нысандар арқылы табыс тауып отырған кәсіпкерлер осыған байланысты дабыл қағып отыр.

"Іс жүзінде олар тұрақ орындарының болмауынан жұмыс істеген клиенттік базасынан айырылады. Тауарларды тиеу немесе түсіру мүмкіндігінен қол үзсе, кейін мұны тұрғын үйлердің аулаларында жүзеге асыруға тыйым салынады. Осының салдарын есепке алсақ, бұл 70-тен аса кәсіпкерлік субъектілерінің банкроттығына және Абай мен Шәкәрім даңғылдарында 250-ден аса жұмыс орындарының жабылуына әкеп соғады", - деді Алыстан Маратов.

ESDERI ЖШС директоры (Абай даңғылындағы "Старт" дүкені) Ерік Ағзамов ШҚО ІІД Жол полициясы басқармасынан тексеру актісін көрсетуді сұрағанын, бірақ жауап алмағанын жеткізді. Бұл ретте ЖПБ қала әкімдігі мен ТҮКШ жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөліміне, ал әкімдік өз кезегінде ЖПБ-ға сілтеген. Сонымен қатар, тек "Старт" дүкенінде 35 сатушы жұмыс орнынан айырылуы мүмкін.

Соңы дау-дамайға ұласқан жиында кәсіпкерлер кірістері күрт азайып, сәйкесінше бюджетке салық түсімінің айтарлықтай төмендегенін дәлелдеп берді. 

Асыл Бигелді

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!