"Бұл нәрсеге өз қолтаңбамды қалдырмай-ақ қояйын". Абай Омар қазақ дизайны туралы айтты

"Бұл нәрсеге өз қолтаңбамды қалдырмай-ақ қояйын". Абай Омар қазақ дизайны туралы айтты

Елімізде талантты дизайнерлер көп. Бірақ олар қарым-қатынасқа түсіп, өзін танытқанды ұнатпайды. Мassaget.kz порталының тілшілері белгілі дизайнер Абай Омармен тілдесіп, отандық дизайнерлердің жай-күйін білді.

– Кез келген жерде дизайн керек. Бірақ нақты не үшін керегін көп ешкім дөп басып айтпайды. Сіз үшін дизайн деген не?

– Бізді қоршаған ортаның барлығы дизайн. Дизайн болмаса адамдардың өмір сүруі қиындап кететін еді. Қарапайым ғана жеделсатыда не басу керек екені – дизайн. Көшелердің атаулараы да – дизайн. Мен үшін дизайн өмірлік тапсырмаларды шешу тәсілі. Абстрактілі тұрғыдан айтатын болсақ дизайн деген математика. Мысалы, бұл ғылымда 2+2 тең 4 қой. Бірақ оны шығару үшін қосындыларды өзгерте беруге болады. Шешімді табу үшін әртүрлі тәсілдер қолданылады. Дизайн да сол сияқты.

– Қазақ дизайнының бүгінгі деңгейіне қалай баға бересіз? Өз идеологиямызды әлі іздеп жүрміз. Дизайнда да сондай тенденция болып жатыр, ұлттық дизайн бар ма?

– Қазақ дизайны деген ұғымды көпшілік білмеуі мүмкін. Қатты дамымаған десек те болады. 2000 жылдардан кейін ақырындап адамдардың бойына қазақ дизайны деген ұғым ене бастады. Енді дамып келе жатыр. Кез келген елдің дизайн тарихына қарасақ, оның барлығы бірден дамып кеткен жоқ. Кезеңдерге бөлінді. Тура сол сияқты бізде де солай. Мысалы, сақтар кезеңін алсақ Алтын адам киімі қалай безендірілген. Ол замандарда аң стилі өте қатты дамыды. Салынған суреттер өте керемет деңгейді көрсетеді. Одан кейінгі көшпелі мәдениеттегі киіз үйіміздегі әшекейлер, ою-өрнектер қандай тамаша. Кеңес өкіметі кезінде де ерекше стилдер болды. Қазақ дизайнының тарихы ертеден басталады. Бірақ біздің міндетіміз ата-бабамыздан қалған бірегей дизайнды жинақтап, сақтап, дәріптеуіміз қажет.

– Дизайн саласынан білім ақсап тұр. Соның ішінде графика дизайнері бойынша жеке оқытатын ЖОО жоқ. Осы тұрғыдан өз ойыңыздың айтсаңыз.

– Бізде дизайн мамандығы бұрыннан бар. Қазақ бас сәулет-құрылыс академиясында, Темірбек Жүргенов атындағы өнер академиясында оқытады. Абай атындағы ұлттық педагокикалық университетінде де тәлім береді. Бірақ біз басқа мемлекеттегі оқыту жүйелерінен қалып қойдық. Себебі бізді оқу орнымыздағы мұғалімдер үлкен кісілер. Баяғы Кеңес өкіметі кезіндегі әдіс-тәсілдерді әлі үйретеді. Ал әлемдегі дизайн қарыштап дамып кеткен. Қазір бұл сала сағат сайын өзгеріп отыр. Сондықтан мемлекеттік оқу орындарына жастарды жіберу керек немесе жеке оқытатын мектептерді ашу қажет деп ойлаймын.

– Өзіңіз бұл салаға қалай келдіңіз?

– Өзім кездейсоқ келдім. Сүлеймен Демирель атындағы университтте инженер-бағдарламашы мамандығында оқыдым. Жас кезімде сурет салуға әуестігім болды. Бірақ кереметтей емес едім. Бала кезде қалып қойған, дамытпағанмын. Кез келген адам туғаннан бастап шығармашыл болып келеді. Тек оны дамытпай, ұмытып кетеді. Бағдарламашы мамандығында оқып жүргенде, 3-курста біз түрлі бағдарламалар жасай бастадық. Бірақ көбінде бағдарламашылардың еңбегі артта көрінбей қалады екен. Код жазуды ешкім көре бермейді. Барлығы "вау, керемет" деп дизайнды ғана айтады. Сол кезде маған "неге дизайнер болмасқа? Не үшін артта көрінбей қалуым керек?!" деген ой келді. Сол себептен бірден ауыстым. Курстарын оқыдым. Міне, 17 жыл өтті команда жинадым, студиямды аштым.

– Команданы басқарып отырмын дейсіз, оның ішіне шығармашылық адамдарға бағыт сілтеу қиын. Шабыт жоқ, жұмыс істеу керек, сондай жағдайда не істейсіз?

– Командама әрқашан шабыт іздемеңдер деп айтамын. Шабытты өнермен айналысатын адамдар іздейді. Дизайнерлер мен суретшінің айырмашылығы сонда. Суретшілер шабыт іздейді. Музасын табады, картина салатын болса дүниеден баз кешеді. Сөйтіп жүріп салған дүниесін өзі ғана түсінеді. Басқаларың түсінуі маңызды емес. Дизайнер керісінше адам. Ол көпшілік түсінетін туынды жасауы керек. Себебі біз кез келген кәсіпкердің өнімін сатуға көмектесеміз. Ол деген сөз жұмысымыз халыққа түсінікті болуы қажет. Сол үшін де шабыт іздемейміз. Әрқашан тәртіппен жұмыс істейміз.

 – Тапсырыстан бас тартқан сәттер болды ма? Қандай жобалармен ешқашан жасамайтын едіңіз?

– Өзімнің ұстанымдарым бар. Біз алкоголь, казино, түнгі клуб өнімдерін алмаймыз. Жалпы айтқанда адамға зиян алып келетін тапсырыстардан бас тартамыз. Екі ай бұрын вейптің жаңа қорабын жасау керек деген тапсырыспен Дубайдан келді. Бірден бас тарттым. "Бұл нәрсенің таралуына өз қолтаңбамды қалдырмай-ақ қояйын" деп айттым.

– Бізде өте жақсы дизайнерлер көп. Бірақ оларды халық танымайды. Өзара коммуникация жоқ. Осы мәселенің шешімін қалай көресіз? Жалпы дизайнерлер халық арасында кумир болса?

– Қазақ дизайнерлері қарапайым. Көп көрінгісі, көп жерге шыққысы келмейді, жасаған дүниесін мақтанып айтпайды. Сондай бір менталитеті бар. Сол себепті дизайнерлер іздегенде әрең табамын. Мықты дизайнерлердің көрінбейтін себебі өзара байланыс жоқ. Енді қолға алып жатырмыз. Бірігіп, үлкен проблемаларды шешуде ат салысып жатырмыз. Мысалы жақында, Астанада дизайн код деген үлкен мәселе туындады. Жаңалықтардан да шықты. Сыртқы жарнамаларды бір ізге түсіру керек. Әркім әртүрлі істеп кеткен. Бірегей стиль ойлап табу қажет болды. Сонымен астанадағылар бізге келді. Бәріміз ақылдасып шешіп жатырмыз. Осындай үлкен мәлелер туындағанда бір маманның күші жетпейді, сондықтан бірігу керек.

– Дизайнердің өмір салты қандай?

– Өзімді айтар болсам әрқашан қырағы болуға тырысыамын. Әр нәрседен жаңа дизайн көруге талпынамын. Детальдарға мән беремін. Дизайнерлер сыртпен байланыс орната алу қажет. Керек емес десе де мына заманда керек екен. Сосын міндетті түрде дизайнердің хоббиі болуы қажет. Не үшін десеңіз күнде бір іспен айналыса бергеннен адам "күйіп" кетеді. Шабыт келмей жатыр деген нәрсе осыдан туындайды. Адам өз хоббиін таба білуі керек. Мысалы, кеңсеге шағын футбол ойынын әкеліп қойғанбыз. Анда-санда жігіттер бой жазып тұрады. Бұл дегеніміз назарды басқа жаққа бұрып, кейін шабытпен жұмысқа қайта кірісу дегенді білдіреді.

– Қазір жасанды интеллект трендте. Жаңалықтарда бағдарламашы жігіттің манга салғаны туралы мәлімет шықты. Ол бала кезінен манга салуды армандаған. Бірақ оған мүмкіндігі болмаған. Сосын жасанды интеллекттің көмегімен бір аптада салыпты. Ал оны адам сызса бір жыл уақыты кетеді екен. Болашақта графикалық дизайнерлердің нанын ЖИ тартып алмай ма?

– Негізі өте маңызды сұрақ. Көбісі ЖИ қолжетімді бола бастағанда дизайнер мамандығы қалды деп есептеді. Бірақ ұшақты кезінде қолмен басқарды ғой. Кейін автопилот пайда болды. Бұл техниканың адам өміріне енуімен ұшқыш мамандығы жойылып кеткен жоқ қой. Бәрібір олар ұшақты басқарып отыр, тек ісі жеңілдеді. Сол сияқты ЖИ келгелі дизайнер мамандығы жоғалған жоқ, керісінше біз жұмысымызды жеңілдету үшін жасанды интеллектті пайдалана бастадық. Ұзақ жұмысты тездеттік. Себебі ЖИ бәрібір ойдан құрай алмайды тек интернетте бар нәрседен жасайды. Оның ішінде керегі де керек емесі да бар. Оны адам ғана сұрыптайды. Сол үшін дизайнер ЖИ-мен жұмыс істей алуы қажет.

 – Әңгімеңізге рахмет!

Т. Раушанұлы