Түркістандық колледж педагогі қымыздан балмұздақ жасап шығарды

Түркістандық колледж педагогі қымыздан балмұздақ жасап шығарды
Фото: Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі

Түркістандық колледж педагогі қымыздан балмұздақ жасап шығарды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

№11 Түркістан колледжінде "Тамақтандыруды ұйымдастыру" мамандығы бойынша дәріс беретін педагог Жадыра Байдалы қымыздан балмұздақ пен сабын жасап шығарды.

Жаңа жобаның мақсаты - ұлттық балмұздақтың биологиялық құндылықтарға бай және адам ағзасына пайдалы екенін дәлелдеу. Қымыз балмұздағының басқалардан айырмашылығы - отта дайындалатыны және оның құрамы өзгермей, табиғи құндылығын сақтайтыны.

"Біздің нарықта ұлттық өнімдер, оның ішінде қымыз өнімдерінің түрлері аз екенін байқауға болады. Балмұздақ жастарға да, балаларға да ұнайды. Қоспасыз биоөнімдер денсаулыққа да пайдалы", - дейді Жадыра Байдалы.

Педагогтың айтуынша, сусынның құрамында түйіршікті ақуыздар бар, ол адам денсаулығына пайдалы табиғи қасиеттерге ие. Сонымен қатар, Жадыра емдік пайдасы бар саумал қосылған сабын шығара бастады. Жобаны мемлекет қолдаса, педагог экоөнімдерді болашақта Қазақстанның өзге өңірлері мен шетелге экспорттауды жоспарлап отыр.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова