Тұрғындар қыста пәтердегі төмен температураға үйренуі керек - министр

Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров тұрғындар қыс мезгілінде пәтердің салқындығына үйренуі керек екенін айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Шенеуніктің сөзінше, пәтердегі 20-21 градус мөлшеріндегі температура қалыпты саналады.

"Қыста бұл температураны қалыпты деп санаймын, өйткені қолдағы ресурстарды үнемдеу қажет. Бізде азаматтар үйдің жылылығына әбден үйреніп алған. Ал мұның салдары жылу беру желілеріне тым үлкен салмақ түсіреді", - деп түсіндірді министр.

Министр жылудың норматив көрсеткіші 21 градус шамасында екенін алға тартты. Азаматтар қыс кезінде 23-25 градусқа үйреніп қалған, осыдан сәл түсірсе, халық шағымдана бастайды екен. 

"Бұлай болмайды, арнаулы құрылғыларды орнату керек. Сол кезде тұрғындар пәтердегі жылуды қадағалап, энергияны үнемдей бастайды. Жалпы еліміздегі инфрақұрылымды жаңарту шығындары тек тариф есебінен емес, сонымен қатар, бюджет қаражатын игеру арқылы іске асады. Тариф көрсеткіші адамдарға салмақ салмауы тиіс. Халықтың әлеуметтік осал топтарына әкімдіктердің өтемақы төлеу мүмкіндігі бар", - деді Әлібек Қуантыров.

Азамат Қойшығара

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!