Павлодарда ветеринарлар жалған дипломмен жұмыс істеп келген

Павлодар облысында 10 мал дәрігері жалған дипломмен жұмыс істеп жүрген. Олардың кейбірі ветеринария саласында 15 жылға таяу қызмет атқарған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Ауыл тұрғындары ветеринария мамандарының жұмыс барысында кәсіби біліктілігі шала екенін байқаған. Үнемі қате жібере берген соң тұрғындар мал дәрігерлерінің арнайы білімі жөніндегі құжаттарының қаншалық заңды екенін тексеру үшін құқық қорғау органдарына арыз жазған. Осыдан кейін өңірдегі 400-ден аса ветеринария мамандарының дипломы тексерілді. Нәтижесінде 10 маманның жалған құжатпен жүргені анықталды. Олардың ішінде Ресейден көшіп келгендері де бар. Қазір жасанды диплом иелеріне қатысты полиция қылмыстық іс қозғап, тергеу жұмыстарын бастады.  

"Бүгінгі күні бұл барлығы жұмыстан шығарылды. 10 дипломның ішінде төртеуі Ресейден, қалғандары Қазақстаннан", - дейді Павлодар облыстық ветеринария станциясы басшысының орынбасары Бақытжан Әбдірахманов.

Павлодар облысында ветеринария мамандары тапшы, мыңға жуық кадр жетіспейді. Ауылдағы шаруа қожалықтары иелері мал дәрігері мамандарына зәру екендерін талай айтқан болатын.

Е.Базарқұл

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!