ШҚО-да ауыл тұрғындары бес жылдан бері таза ауызсу іше алмай келеді

ШҚО-да ауыл тұрғындары бес жылдан бері таза ауызсу іше алмай келеді
Фото: Автордан

Аймақтағы Көкжыра ауылының тұрғындары "Ақбұлақ" бағдарламасы аясында су құбырлары орнатылғанмен, сол күйі таза ауызсу ішпей кетеміз бе деп алаңдаулы, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Елді мекен жұрты үшін 2019 жылы жолдардың шеті қазылып, қуатты техникалар жұмысқа кіріскелі пайда болған қуаныш жыл өткен сайын жабырқатар сәтке айнала бастады. Ресми мәліметке сүйенсек, Көкжыраға таза ауызсу тарту жобасының құны - 500 млн теңгеден асады. Сол кезде округ басшысы болған Самархан Демесінов су құбырын тартуға "СК-KazAlem" мердігер мекемесі жауапты екенін жеткізген болатын. Содан бері "әне-міне бітеді" деген уәдеге тойған тұрғындар облыс басшылығына шығуды мақсат еткен.
Алайда аудан әкімдігіндегілер жуырда Өскеменде жарты жылды қорытындылаған брифинг өткізгенде аталған мәселеге тоқталды. Аудан әкімінің орынбасары Дархан Ордахановтың сөзінше, таза ауызсу биыл да берілмеуі мүмкін.

"Қазіргі уақытта мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы тарапынан тексеріс басталды. Облыс бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаменті өкілдері де олқылық барын анықтап, істің ақ-қарасын зерттеп жатыр", - деді ол.

Ауыл жұртының айтуынша, Самар ауданының әкімдігі жұмыс толық аяқталмаса да тиісті құжаттарға қол қойып үлгерген. "Көкжырада жарты миллиард теңгенің жұмысы мүлде сезілмейді" дейді.

Асыл Бигелді

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Қ. Әбілдәқызы