Астананың тойына тағы шетелдік жұлдыздар келе ме?

Астананың тойына тағы шетелдік жұлдыздар келе ме?
Фото: Тұрар Қазанғапов

Биыл - елорданың іргесі қаланғанына 25 жыл. Мерейтойға арналған концерттерде шетелдік жұлдыздар өнер көрсете ме? Бұл сауалға Астана қаласы ішкі саясат басқармасының басшысы Дәурен Бабамұратов жауап берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Жауапты маман Астана күнін тойлауға арналған шараларға шетелдік жұлдыздар шақырылмайтынын айтты. Сондай-ақ, бұл күндері шетел әртістерінің жеке концерттері де жоспарланбаған.

"Қала күніне орай өтетін барлық мәдени іс-шара тек отандық әртістердің қатысуымен өтеді", - деді Дәурен Бабамұратов.

Қалалық басқарма басшысы биыл елорда күніне орай қыдырып келетін отандық және шетелдік туристерге қатысты да пікір білдірді. Алайда, олардың саны әзірге белгісіз көрінеді.

"Бұл бағытта нақты санау жұмыстары жүргізілген жоқ. Бірақ, әдеттегіден көп болады деп болжап отырмыз. Өйткені, пандемиядан кейін Астана күнін ауқымды түрде атап өткелі отырмыз. Пандемияға дейінгі жылдарға қарағанда туристердің келуі артады деген болжам бар", - деді ол.

Шенеунік биыл Астана күні бір айы бойы тойланатынын жеткізді, мереке аясында 100-ден астам мәдени, спорттық және танымдық іс-шара өтеді. Олардың қатарында 2 шілдеде өтетін "Қазақстан барысы" турнирі бар.

Азамат Қойшығара

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

С. Сатыбалдина