"Жігіттер" квартетінің продюсері топ құрамындағы Мырзаханның ажырасу себебін айтты

"Жігіттер" квартетінің продюсері топ құрамындағы Мырзаханның ажырасу себебін айтты
Фото: коллаж

Жігіттер квартетінің продюсері Ерғали Әбдіраймов жігіттердің отбасылық жағдайы туралы Базарlike бағдарламасына берген сұхбатта айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

"Айдардың бірінші әйелі жақсы болатын. Махаббатпен үйленді, бірақ тіл табыса алмады. Араларына біз түспедік. Қолымыздан келгенше бастарын қосуға тырыстық. Араларында 11 жастағы қыздары бар. Содан екеуі келісе алмай, ажырасып кетті. Қазір екеуінің де бөлек отбасылары бар. Мырзаханда да сондай жағдай болды. Мырзахан үйленіп жатыр деп Алты алашқа той жасадық. Екеуі 5-6 жылдай тұрды. Араларында сәби болмады. Ажырасуының бірінші себебі сол деп ойлаймын. "Алланың сынағы ғой" деп барынша сабырға шақыруға тырыстық. Мырзахан жақтан құдаларымыз да жақсы жігіттер еді. Араласып жүрдік. Жастар ажырасып кетсе де, менің ойымша аралары суыған жоқ. Мырзаханның өзі 35 жасқа келді. "Үйлен, болмаса келінмен бірге тұр" деп әлі де ақылымды айтамын. Бірақ бәрі уақыттың еншісінде", – дейді продюсер.

Ерғали Әбдірайымов осыдан үш жыл бұрын ұлынан айырылған Ердос Қанаевтың да сырқаттанып қалғанын жасырмады.

"Ол Ердостың жалғыз баласы емес қой. Ұлы Алланың қалауымен осындай сырқатпен туылды. 9 жасқа келгенде өмірден озды. Қазір үш баласы бар. Бұйырса осы үш баласына той жасайын деп жатыр. "Балам өмірден озғаннан кейін бір қуаныш болсыншы. Аллаға шүкіршілік жасайын" деген ниетпен той жасамақ. Иә, ұлы дүниеден озған кезде қабырғамыз қайысты. Қанша кемтар болса да, көзі көрген баласы ғой. Қытайда, Гонконгта жүргенде де медицина саласында ұлына көмектесе алатын адамдармен сөйлесіп, ақылдасып, сұрастырып жүретінбіз. Қытайға да апарды, өз елімізде де емделді. Бұл тағдыр ғой енді. Сондай қиын кезеңдерде топ жетекшісі ретінде мен де, жігіттер де қорған болып, басқа түскен қайғыда жанында болдық. Ердостың денсаулығы сыр берді. Ол қазір ұшақпен ұшпайды, қан қысымы көтеріліп кетеді. Ковидпен ауырды, баласы өмірден озды, содан кейін осындай болып қалды. Қазір көбіне пойызбен жүреді. Егер Мәскеуге, Америкаға ұшатын болсақ қана ұшаққа мінеді. Бірақ басы ауырады, қан қысымы көтеріледі, қиналып қалады", – дейді Ерғали Әбдірайымов.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Е. Ерболұлы