Алматыны қандала басты, бұл адамдарға қаншалықты қауіпті? Маман жауабы

Алматы тұрғындары белгісіз жәндіктер қаптап кеткенін айтып шағымдана бастады. Жәндіктер аулаларда, терезелер мен кейде тіпті төсек-орындарда кездеседі.  Бұл қандай жәндіктер, олар адамдар мен өсімдіктер үшін қауіпті ме және қалай күресуге болады? Осы сияқты маңызды сұрақтарға Жиембаев атындағы ҚазҰҒЗИ Өсімдіктерді қорғау және карантин басқармасының кіші ғылыми қызметкері Арнұр Кенжеғалиев жауап берді. Бұл туралы informburo жазды.

Бұл қандай жәндіктер?

Маманның айтуынша, бұл жәндіктер Қазақстанға шетелден, мүмкін көршілес елдерден келген қандаланың көп түрінің бірі - Arocatus melanocephalus.

"Бұл инвазивті түр 2015 жылы Қазақстанның оңтүстік-шығысында алғаш рет пайда болған. Бұрын аталмыш жәндіктер елімізде болмаған. Олар әртүрлі ауа райы жағдайында дами алады. Қандаланың бұл түрі  басқа жәндіктер сияқты жылу мен ылғалдылықты қажет етпейді. Аталмыш түр Алматының ағаштары мен жапырақтары үшін өте қауіпті. Қазір қалада олар өте көп", - дейді Арнұр Кенжеғалиев.

Arocatus melanocephalus © wikipedia.org

Неге сонша көп?

Арнұр Кенжеғалиев ағаштарды  зиянкестерден жыл сайын қорғауға байланысты  дезинфекция септігін тигізетінін, бірақ қазіргі кезде байқалып отырған жаппай таралу жағдайында бұл жеткіліксіз болуы мүмкін екенін атап өтті.

Сонымен қатар, кейбір тұрғындар аулаларында дезинфекцияға қарсылық білдіретін жағдайлары бар, мұндай орындар жәндіктердің таралу ошағына айналады.

"Биыл қандалалар әдеттен тыс көп, себебі  қыс жылы болды. Негізінен, бұл жәндіктер топырақта тығылып қыстайды. Егер қыс жылы болса, топырақ қатып қалмайды. Сонымен қатар биыл бізде көктем ұзақ, жаңбыр жауып, одан кейінгі аптап ыстық жүрді – мұның барлығы олардың жаппай таралуына өте қолайлы жағдай", - деп түсіндірді Арнұр Кенжеғалиев.

© Arocatus melanocephalus / Wikimedia commons

Бұл қандалалар адам үшін қауіпті ме?

Маманның айтуынша, адамдар үшін қандаланың бұл түрі қауіпті емес.

"Олардың ешқандай зияны жоқ, адамдар үшін де қауіпті емес, жиһазды да, заттарды да жемейді. Тек олар қорыққан кезде, мысалы, адамдар ұстағанда өткір жағымсыз иіс шығарады. Үйге кіріп кетсе жай ғана далаға шығарып жіберіңіз", - дейді Арнұр Кенжеғалиев.

Маман олардан қалай қорғану жолын да айтып өтті.

"Қандаланың бұл түрі тұрғын үйлерге кездейсоқ кіріп кетеді де орнығу үшін қолайлы жерлер: ішкі қабырғалар, төбелер, едендер, карниз астын таңдауы мүмкін. Сондықтан балкон есіктерін мықтап жауып, терезелерді тормен қорғауды қамтамасыз ету қажет",  - деп атап өтті маман.