- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Маса шақпас үшін...
Маса шақпас үшін не істеуге болады?
Маса шаққан жер қышып, мазаны алады. Ендеше, масалардан қалай қорғануға болады? Жәндіктер шағуына қарсы қандай халықтық құралдар бар?
Кулицидоз - маса шағуына аллергиялық реакция. Бұл кезде маса шағуы ісінумен, бөртпемен және ауыр жағдайда жоғары температура, қалтырау, қатты бас ауыру, тұншығумен қатар жүреді.
Маса шаққан жерді қалай емдеу керек?
Маса шаққан жер әдетте қышиды және қызарады. Ол жылдам жазылу үшін мына ережелерді сақтаңыз:
- Маса шаққан жерді қасымаңыз. Ол жұқпа пайда болуына ықпал етуі мүмкін және ол жердің одан сайын қыши беруіне әкеледі;
- Салқындату. Маса шаққан жерге суық басыңыз. Ол оның ісінуін және қышуын басады. Ол үшін мұзды матаға орап, маса шаққан жерге бірнеше минутқа басыңыз;
- Антигистаминді кремдер мен лосьондар қолдану. Құрамында диметиндені немесе лоратадині бар антигистаминды құралдар қышығанды басып, қабынуды азайтуға көмектеседі;
- Каламин лосьонын жағу. Каламин лосьоны тыныштандырушы және салқындатушы әсерге ие;
- Дәрілік құралдар ішу. Егер маса шаққан жер қатты қышыса және тері қатты тітіркеніп кетсе, дәрігер арнайы жақпамай жазып беруі мүмкін. Сондай-ақ антигистаминді дәрі беруі мүмкін;
- Антисептикалық құралдармен өңдеу. Егер маса шаққан жер жара болып қалса, оны антисептикалық ерітіндімен тазарту ұсынылады.
Масаларды үркітетін табиғи құралдар
Өсімдіктер. Жәндіктерге адам денесінің иісі ұнайды, ал лаванда мен қазтамақ иісін жақтырмайды. Сондықтан осы өсімдіктерді терезенің алдына қойып қойған жөн. Сондай-ақ жәндіктер райхан, жебіршөп, жалбыз және жаужапырақтан алыс жүруге тырысады.
Эфир майлары. Кей эфир майларын масаларға қарсы қолдануға болады. Оған қылқан, арша, эвкалипт, ваниль, даршын, шай ағашы, лимон, апельсин, мандарин, иланг-иланг эфир майлары жатады. Бұл майларды аромашамға құйып қоюға болады. Сондай-ақ егер бұл майларға аллергияңыз болмаса, оларды сумен араластырып, киімге және денеге шашуға болады. Алайда эфир майын көп қосып жібермеңіз, ол басыңызды ауыртуы мүмкін. Оның тек 1-2 тамшысы жеткілікті.
Цитрусты жемістер. Цитрусты жемістерді бөліктерге бөліп, оған қалампыр тығып, терезенің алдына қойып қойыңыз. Ол масаларды қаштырады және бөлмеге жағымды иіс сыйлайды.
Егер табиғи құралдарды қолданғыңыз келмесе, ультрадыбыспен масаларды қашыратын арнайы портативті құралдар бар.
Еске салайық, бұған дейін жазғы аллергия жайлы не білу керегін ұсынған болатынбыз.
А. Жапатова