"Денеге бөртпе шығу, мұрынның бітелуі". Маусымдық аллергияның шығуының негізгі себептері қандай?

"Денеге бөртпе шығу, мұрынның бітелуі". Маусымдық аллергияның шығуының негізгі себептері қандай?
Фото: pixabay.com

Аллергиялық реакцияға бейім адамдардың көпшілігінде жазғы маусымдық аллергия пайда болуы мүмкін. Ауру нақты аллергендер әсерінен дамиды. Аллергияны емдеу үшін оның пайда болу себебін анықтау керек және ол асқынып кетпес үшін алдын алу шараларын жасау қажет.

Аллергияның негізгі себептері

Аллергия иммунды жүйенің сырттан келген ақуызға ерекше реакциясының салдарынан пайда болады. Егер аллергиялық реакцияға бейімділік болса, иммунды қорғаныш органдары мұндай ақуыздарды бөтен дене ретінде қабылдайды.

Аллергияның негізгі себептеріне мыналар жатады:

  • Иммунды жүйе жұмысының төмендеуі;
  • Асқазан-ішек жолы және тыныс алу жүйесі органдарының созылмалы аурулары;
  • Қолайсыз экологиялық шартта  тұру;
  • Ішек құрттарын жұқтыру;
  • Зиянды химиялық заттарға байланысты жұмыс.

Жазғы аллергендер

Жаз басындағы, яғни мамыр-маусым айларындағы аллергия  гүлденуге байланысты болуы мүмкін:

  • Терек;
  • Жөке ағашы;
  • Қайың;
  • Қалақай;
  • Бидайық;

Жаз соңында аллергия мына өсімдіктер тозаңынан пайда болуы мүмкін:

  • Ойраншөп;
  • Көкпек;
  • Жусан.

Жазда гүлденуге аллергия бір-екі апта ғана немесе жаз бойы мазалауы мүмкін.

Жаз мезгілінде тозаңнан басқа мына заттарға да аллергия пайда болуы мүмкін:

  • Бал;
  • Жәндіктердің шағуы. Аллергиктер үшін әсіресе, сона мен аралардың шағуы қауіпті. Бұл оларда Квинке ісігін немесе анафилаксияқлық шок тудыруы мүмкін;
  • Күн. Сезімтал адамдар күннің астында көп жүрсе, олардың үстіне бөртпе шығып кетуі, ісініп кетуі және денесі қышуы мүмкін;
  • Ауа ластығы. Ыстық мерзімде жаңбыр болмаса ауада зиянды химиялық қосылыстар жиналып қалады. Олар аллергияның себебі бола алады;
  • Экзотикалық жемістер. Жазда жеміс-жидектің түр-түрі сатылады. Оларды бақылаусыз жеу аллергиялық реакция тудыруы мүмкін. Сондықтан экзотикалық жемістерді аз-аздан жеп бастау керек.

Аллергияның белгілері

Респираторлық, яғни тыныс жүйесіне енетін аллергендердің белгісі:

  • Мұрын бітелу;
  • Шырыштың көп мөлшерде бөлінуі;
  • Мұрын мен тамақтың қышуы;
  • Жөтел;
  • Көздің жасаурауы және қызаруы;
  • Қабақ бен еріннің ісуі.

Ауыр жағдайда аллергиясы бар адам, әсіресе балалар тұншығады. Тағамдық аллергия кезінде сондай-ақ оның іші ауыруы, іші өтуі және жүрегі айнуы мүмкін.

Аллергияның тағамдық та, респираторлық та түрінде денеде бөртпе пайда болып қышуы мүмкін.

Соналар мен аралардың шағуы бас айналу, қысымның төмендеуі, терінің бозаруы, қалтырау және шаққан жердің ісінуі мен қышуы секуілді аллергиялық реакция беруі мүмкін.

Кез келген аллерген анафилактикалық шокқа, Квинке ісігіне әкелуі мүмкін.

Аллергияны емдеу

Аллергияға күмәнданған кезде аллергенді анықтау керек. Оны тері тесттері және қан анализі арқылы анықтауға болады. Қажет жағдайда басқа да анализдер тапсыру ұсынылады.

Аллергияны емдеуді аллергенмен байланыспаудан бастайды. Аллергия белгілерін азайту үшін антигистаминді құралдар жазып береді.

Токсиндерді ағзадан шығаруға энтеросорбенттер, ал иммунитет жұмысын жақсартуға дәруменді препараттар көмектеседі. Асқыну кезінде гипоаллергенді диетаны сақтау керек.

Егер аллергия жыл сайын жазда қайталанса, асқынып кетпеудің шараларын сақтау керек:

  • Жылы ауа райында даладан үйге кірген кезде мұрын мен көзді салқындау сумен шайыңыз. Мұрынды шаюға дәріханада сатылатын тұзды ерітінділерді қолдануға болады.
  • Терезеге москит тор орнатып қойыңыз. Ол жәндіктерден ғана емес, өсімдіктердің ұсақ бөлшектерінен (мысалы, терек мамығынан) қорғайды.
  • Үйде ауа тазартқыш құрал пайдаланған жөн.
  • Күніне бір рет үйді ылғал тазартып отыру керек.

Аллергияны кетірудің бір әдісі - АСИТ терапиясы. Бұл әдіс бойынша ауру тудыратын аллергеннің минималды дозалары ағзаға біртіндеп енгізіледі. Нәтижесінде иммундық жүйе тітіркендіргішке бөгде ақуыз ретінде қарауды тоқтатады.

Ескерту: Аллергияны аллергологтың бақылауымен емдеу керек. Өздігінен емделу денеде қайтымсыз өзгерістер тудыруы мүмкін және асқынуларға әкелуі мүмкін.

А. Жапатова