Шілдеден бастап Қазақстанда қандай 10 өзгеріс болады?

Шілдеден бастап Қазақстанда қандай 10 өзгеріс болады?
Фото: Tengrinews.kz

Massaget.kz тілшісі шілдеде Қазақстанда болатын өзгерістерге шолу жасады.

1. Қазақстанда шілдеден бастап төрт күндік жұмыс аптасына өтуге болады

Еңбек кодексіне сәйкес бес күндік немесе алты күндік жұмыс аптасы, сондай-ақ толық емес жұмыс аптасы көзделген (ұзақтығы тараптардың келісімі бойынша айқындалады).

"Шығын аз, пайда көп". Төрт күндік жұмыс аптасының басты артықшылығы

Қызметкер жұмыс берушімен келісе отырып, жұмыс күндерін бекітеді. Егер аптасына бес күн жұмыс істейтін болсаңыз, жұмыс берушіңізбен келісіп, келесі аптада төрт күндік жұмыс аптасын бекітуге болады. Бұл дегеніміз осы апта бес күн, келесі апта төрт күн, арға апта алты күн жұмыс кестесін бекітуге болады деген сөз.

Яғни өзіңізге қажет кезде төрт күндік жұмыс аптасына өтесіз. Қосымша үш күн берілетін демалыста жұмыскер өзіне, отбасына, денсаулығына, жалпы қажет мақсатына қолдануы үшін бұл өзгертулер енгізіліп жатыр. Бұл тәжірибе басқа да мемлекеттерде кең қолданылады. Төрт күндік жұмыс аптасына көшкен жағдайда еңбек демалысы мен жалақыға қатысты өзгерістер болмайды. 

2. Төлемдер мен жәрдемақылар өседі

1 шілдеден бастап азаматтардың жекелеген санаттары үшін мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылардың мөлшері, сондай-ақ, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан еңбек қабілетінен және асыраушысынан айырылу жағдайлары бойынша төлемдер 14,5 пайызға артады. Сонымен қатар, 7 және одан да көп баланы өмірге әкелген, наградталған аналарға берілетін жәрдемақы мөлшері 7,4 айлық есептік көрсеткішке дейін арттырылмақ. 

ҚР Әлеуметтік кодексі шеңберінде 2023 жылғы 1 шілдеден бастап мемлекеттік жәрдемақылардың мынадай түрінің мөлшерін орта есеппен 14,5 пайызға арттыру көзделген:

  • мүгедектік бойынша;
  • асыраушысынан айырылған жағдайы бойынша;
  • арнайы әлеуметтік жәрдемақылар;
  • мүгедектігі бойынша айлық жәрдемақы мөлшеріне дейін жасына байланысты зейнетақы төлемдеріне қосымша ақы алушыларды қоспағанда, жасына байланысты зейнетақы төлемдері немесе еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төлемдері тағайындалған бірінші, екінші және үшінші топтағы мүгедектігі бар адамдарға арнаулы мемлекеттік жәрдемақылар;
  • Байқоңырда тұратын және Ресей Федерациясының заңнамасына сәйкес мүгедектігі бойынша зейнетақы алатын 7 жасқа дейінгі мүгедектігі бар балаларға арнаулы мемлекеттік жәрдемақы;
    саяси қуғын-сүргін құрбандарына немесе саяси қуғын-сүргіннен зардап шеккен, мүгедектігі бар немесе зейнеткер болып табылатын адамдарға арнаулы мемлекеттік жәрдемақы;
  • Қазақстан Республикасы алдында ерекше еңбегі үшін зейнетақы тағайындалған адамдарға арнаулы мемлекеттік жәрдемақы.

Фото: Pixabay.com

Осылайша, бұл жәрдемақы түрлері 2022 жылмен салыстырғанда 23 пайызға өседі. Осы мақсаттарға республикалық бюджеттен қосымша 37 миллиард теңге бөлінді.

3. Қазақстанда некеге тұру рәсімі біршама өзгереді

Таяуда 1 шілдеден бастап Қазақстанда некені онлайн тіркеуге болатыны туралы хабар тараған болатын. 2023 жылғы 1 шілдеден бастап Қазақстанда некеге тұру рәсімі біршама өзгеретіні рас, бірақ жас жұбайлардың қатысуы маңызды.

1 шілдеден бастап некені АХАТ емес, ХҚКО қызметкерлері тіркейді. Азаматтық хал актілерін мемлекеттік тіркеу жөніндегі қызметі "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне инновацияларды ынталандыру, цифрландыруды және ақпараттық қауіпсіздікті дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң шеңберінде "Азаматтарға арналған үкімет" КЕАҚ-қа беріледі. 
Бұл ретте "Азаматтарға арналған үкіметтің" хабарлауынша, жаңашылдыққа қарамастан, некеге тұру бұрынғы АХАТ ғимараттарында жүзеге асырылады, олар енді мемлекеттік корпорацияның бэк-офистері деп аталады.

Фото: pexels.com

Яғни жас жұбайлар қалауы бойынша салтанатты түрде некеге тұра алады. Некені тіркеуге өтінішті электрондық үкімет порталында онлайн немесе бэк-офистерге жүгініп, офлайн режимде береді.
Ал тікелей неке қию салтанатында жас жұбайлардың екеуі де болуы тиіс. 

4. Мемлекеттік әлеуметтік қорғау инспекторлары пайда болады

Қазақстанда 2023 жылдың 1 шілдесінен бастап мемлекеттік әлеуметтік қорғау инспекторлары пайда болады. Олар ҚР Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес мүгедек жандарды әлеуметтік қорғау, зейнетақымен және әлеуметтік қамсыздандыру саласындағы функцияларды іске асыратын болады. Ол үшін осы жағдайларға сәйкестендірілген тәуекелдер дәрежесін бағалау критерийлерімен тексеру парақтары күшейтілген. 

Бұл өзгеріс мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау, арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету, оның ішіндегі міндетті әлеуметтік сақтандыру және зейнетақымен қамсыздандыру мәселелері бойынша заңнама нормаларын сақтау жөнінде уақытылы және жедел шараларын қабылдауға мүмкіндік береді. 

5. Темекі қымбаттайды

Темекі бағасы 1 шілдеден бастап өседі. Премьер-Министрдің орынбасары - қаржы министрінің 6 маусымдағы өкімімен "Фильтрлі, фильтрсіз сигареттерге, папиростарға, сигариллаларға және қыздырылатын темекісі бар бұйымдарға ең төмен бөлшек сауда бағаларын белгілеу туралы" бұйрық жобасына өзгерістер енгізілді. 

Фото: pexels.com

Бұйрықпен 20 дана "Фильтрлі, фильтрсіз сигареттерге, папиростарға, сигариллаларға және қыздырылатын темекісі бар бұйымдарға ең төменгі бөлшек сауда бағалары мынадай мөлшерде бекітілді:

  • 2023 жылғы 1 шілдеден бастап 2023 жылғы 31 желтоқсанды қоса алғанда 710 теңге;
  • 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап 770 теңге.

Бұйрық 2023 жылдың 1 шілдесінен бастап күшіне енеді.

6. Сырқаттанған жағдайда берілетін өтемақы көбейеді

Сырқаттанған жағдайда берілетін өтемақы 15 АЕК-тен 25 АЕК-ке өседі. (51 750 теңге болған, 86 250 теңге болады). 

7. "Ата жолы" картасы іске қосылады

2023 жылдың шілдесінен бастап өзге елде тұратын этникалық қазақтар "Ата жолы" картасын алып, Қазақстанға оңайлатылған кіру мүмкіндігін пайдалана алады.

"Ата жолы" картасын енгізудің мақсаты тарихи отанмен байланысты нығайту, ұлттық дәстүрлерді сақтау, Қазақстанда олардың әлеуетін іске асыру үшін біздің елімізге кәсіпқойлар мен табысты бизнесмендерді тарту болып табылады. Карта шетелде тұратын этникалық қазақтарға азаматтығын сақтай отырып берілетін болады. "Ата жолы" картасының иегерлері елге кірген кезде 10 жыл мерзімге тұруға рұқсат алады.

"Ата жолы" картасы бар этникалық қазақтың кандастардан айырмашылығы - ол басқа елдің азаматы бола тұра Қазақстан Республикасының азаматтарымен және кандастарымен тең құқыққа ие.

Фото: elements.envato.com

8. Зейнеткерлер тұрғын үй сатып алуға немесе емделуге зейнетақы жинақтарын пайдалана алады

Биыл 1 шілдеден бастап еңбек сіңірген жылдары үшін зейнеткерлер тұрғын үй сатып алуға немесе емделуге зейнетақы жинақтарын пайдалана алады.

Еңбек еткен жылдары бойынша зейнеткерлер www.enpf-otbasy.kz сайты арқылы БЖЗҚ-да жинақталған қаражаттарын тұрғын үй жағдайын жақсартуға пайдалану үшін біржолғы зейнетақы төлемдерін алуға "Отбасы банкі" тұрғын үй құрылыс жинақ банкі" АҚ немесе екінші деңгейдегі банктерге жүгіне алады.

Мына адамдар осы құқықты пайдалана алады:

1) БЖЗҚ-да зейнетақы жинақтары бар жұмыс істейтін азаматтар. Олар "төменгі жеткіліктілік шегінен" асатын соманың бір бөлігін пайдалана алады;

2) зейнетақысы жоғалған табыс сомасының (бұрын алған жалақысының) кемінде 40 пайызы болатын зейнеткерлер. Олар БЖЗҚ-да қалған зейнетақы жинақтары сомасының 50 пайызына дейін пайдалана алады;

3) өзіне зейнетақы аннуитетін ресімдеген және әлі де жинақтары бар азаматтар - БЖЗҚ-да қалған зейнетақы жинақтарының сомасы шегінде пайдалана алады.

Бұл норма жұмыс істейтін азаматтарды да, зейнеткерлерді де қамтиды.

9. Қазақстандықтар шілдеде қанша күн демалады? 

Шілдеде Астана күнінде 4 күн демалыс болады.

Бес күндік жұмыс аптасы үшін 6, 7, 8 және 9 шілдеде демалады. Демалыс күні 1 шілдедегі сенбіден 7 шілдеге, яғни жұмаға ауыстырылды, ал 1 шілде - жұмыс күні.

Жалпы, шілде айында қазақстандықтар 11 күн демалады.

-  2 шілде - демалыс күні; 

- 6,7,8 және 9 шілде - мереке; 

- 15-16 шілде - демалыс күндері; 

-  22-23 шілде - демалыс күндері; 

-  29 -30 шілде - демалыс күндері.

10. Шілдеде ауа райы қандай болады? 

"Қазгидромет" мамандары шілдеде ауа райы қандай болатынын айтты. Алдағы екі тәулікте республика аумағының басым бөлігінде атмосфералық фронтальды бөлімдер айқындалатын болады, осыған байланысты найзағаймен және екпінді желмен қысқа мерзімді жаңбыр жауады. 

1 шілдеде елдің батысында қатты жаңбыр күтіледі, бұршақ жаууы мүмкін, ал Қазақстанның солтүстігі мен орталығында ауа райы негізінен жауын-шашынсыз болады.

Күндізгі температураның солтүстікте 25-30-ға дейін, орталықта 30-35-ке дейін, оңтүстікте 33-38-ге дейін, оңтүстік-шығыста 28-33-ке дейін біртіндеп көтерілуі күтілуде, республиканың шығысында термометрлердің бағандары күндіз 17-25-ке дейін көтеріледі, ал елдің батысында температуралық фонда айтарлықтай өзгерістер күтілмейді, күндіз ауа 25-30-ға дейін, оңтүстік-батыста 33-38 градус болады.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

С. Сатыбалдина