Орман өртінен зардап шеккендерге көмек ретінде жиналған қаражат қайда кетті?

Қоғамдық кеңес мүшелері қатысқан отырыста Абай облысындағы орман өртінен қаза тапқан және зардап шеккендердің отбасына қаржы жинаған "Ақ Ертіс" қорының өкілдері ақша қайда бағытталатынын айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

"Ақ Ертіс" қоғамдық қорының төрағасы Қатият Мұсайыновтың айтуынша, қорға 500 миллион теңге жиналған. Оның 100 миллион теңгесі бүгінге дейін зардап шеккендердің мұқтаждығына жұмсалды. Сондай-ақ, қор отбасыларға берілген тұрғын үйлерді толық жабдықтады.

"Өздеріңіз білетіндей, қаза болғандар мен зардап шеккендердің отбасыларына "Қарағайлы" ықшамауданынан 15 пәтер берілді. Біз оларды толық жабдықтап, қажет тұрмыстық техникамен қамтамасыз еттік. Сондай-ақ, бұл қаражат жерлеуге және ескерткіштер орнатуға жұмсалды. Өрт сөндіру көліктерінің жанар-жағармайына да төлем жасалды. Біз бұл шығындардың барлығын төледік, бірақ әлі де бірқатар шығын бар. Бәрі біткен соң есеп береміз", - деді "Ақ Ертіс" қоғамдық қорының төрағасы Қатият Мұсаинов.

Қалған сома орман шаруашылығын жабдықтауға, өртсөндірушілерге және басқа да жұмыс қажеттіліктеріне бағытталады.

Сондай-ақ, БИ-2 тобының қайырымдылық концерті нәтижесінде жиналған қаражат 15 отбасының әрқайсына 1,5 миллион теңгеден бөлінеді.

"Концерт жоғары деңгейде өтті. Барлығы бақытты. Ашуланғандар болған жоқ. V-project туристік компаниясы қаражат жинау және трансферт жұмыстарын өз мойнына алды. Жиналған қаражат мөлшері әлі нақты белгілі болған жоқ. Шығындардың барлығы есептелетін болады", - деді Семейдегі концертті ұйымдастырушы, Semey Show компаниясының өкілі Аркадий Резник.

Қазір қаражаттың есебі аяқталмағанымен, бір бөлігі Абай облысына жөнелтіліп, зардап шеккендердің әр отбасына 1,5 миллион теңгеден үлестірілген.

"Нақты сома есептелген кезде V-project барлық есепті ресми түрде веб-сайтында жариялайды, осылайша, барлығы қаражаттың қайда жіберілгенін көре алады. Қалған соманың бір бөлігі өнерпаздардың өтініші бойынша волонтерлер мен өртсөндірушілерге арналған жабдыққа жұмсалады", - деп қорытындылады Аркадий Резник.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!