Ақмола облысында қола дәуірінде жерленген адамның сүйектері табылды

Ақмола облысында қола дәуірінде жерленген адамның сүйектері табылды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Бұл туралы Ақмола облысы мәдениет басқармасының Тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану орталығы мамандары хабарлады. 

Қызылұйым ауылы маңындағы қорғанды қазу барысында, оңтүстік сектордағы сұр дақты ашу кезінде 1,7х0.65 м адамның жерленгені анықталды. Адам сүйегі оң жағымен, басы солтүстік-батысқа қарай қаратып, қол-аяғы бүгілген күйде орналасқан.

Фото: history-akmola.kz

Нашар сақталған остеологиялық қалдықтар табылды, оның ішінде бас сүйектің бөліктері, білек сүйектері, аяқтың тірсек сүйектері, аздап жамбас сүйектері жарым-жартылай сақталған.

"Сүйек қалдықтарының мойын бөлігінде 20-дан астам пасталы моншақтары (алқа) табылды. Жерлеу ерекшеліктеріне сүйене отырып, уақыт кезеңі қола дәуіріне жатады деп болжауға болады (б.з.д. алғашқы 1-2 мың жылдық). Бұл нұсқаның толық расталуы қорғанды толық зерттеп, табылған жәдігерлерге тиісті талдау жүргізгеннен кейін белгілі болады", - делінген хабарламада. 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!