Турист Колизейдің қабырғасына қызының есімін ойып жазғаны үшін түрмеге қамалуы мүмкін (видео)

Турист Колизейдің қабырғасына қызының есімін ойып жазғаны үшін түрмеге қамалуы мүмкін (видео)
Фото: видеодан стоп кадр

Турист Колизей қабырғаларының біріне кілтпен сүйіктісінің атын ойып жазғаны үшін түрмеге қамалуы мүмкін. Бұл туралы Metro басылымы жариялады.

Кадрларда 1937 жылдық тарихы бар көне ғимараттың қабырғасына "Хейли" деп кілтпен жазып жатқан жігітті көруге болады.

Желі қолданушылары ер адамды айыптаған, тұтқындау керек деп жазған. Турист ұсталса, оған 18 000 еуродан (9 миллион теңгеден астам) қомақты айыппұл салынып, бір жылға дейін бас бостандығынан айырылу жазасы тағайындалуы мүмкін.

"Сонда болдым, мен де көрдім. Жігіт қате нәрсе жасап жатырмын деп те ойлаған жоқ", - деп пікір қалдырды қолданушы Reddit форумындағы видеоға.

Италияда тарихи қабырғаны бүлдіргендерге қылмыстық жаза қолданылады.

"Өкінішке қарай, Колизейде мұндай оқиғалар көп болады. Ежелгі құрылымға рұқсат етілмеген гравюралар жиі пайда болып, оған айтарлықтай зиян келтіреді. Еуропа елдерінің көпшілігінде, соның ішінде Италияда шығарманы немесе мәдени ескерткішті бүлдіргенге айыппұл салынады немесе бас бостандығынан айырады. 2020 жылы Италия Министрлер Кеңесі 20 мыңнан 60 000 еуроға дейінгі айыппұлдарды, сондай-ақ "мәдени құндылықтарды толығымен немесе бір бөлігін жойған, ысырап еткен, бүлдіріп немесе мақсатсыз пайдаланғандар" үшін қылмыстық жазалар енгізді", - дейді дереккөз.

Колизейдің ежелгі қабырғалары үшін граффити жаңалық емес: тіпті ежелгі римдіктер де аренада және қабырғаларда әйгілі гладиаторлардың суретін салған. 2013 жылы амфитеатр өткелінде қалпына келтіру жұмыстары кезінде гладиаторлардың өздері қалдырған граффити, сондай-ақ 1600 жылдардағы суреттер табылды. Сондай-ақ, 1940 жылдары қабырғаға бірнеше адам өз есімдерін жазып қойғаны белгілі болды.

Т. Раушанұлы