"Еңкілдеп жылап тұрмын". Ақын Мұхтар Нияз Жүрсін Ерман туралы жантебірентерлік жазба қалдырды

"Еңкілдеп жылап тұрмын". Ақын Мұхтар Нияз Жүрсін Ерман туралы жантебірентерлік жазба қалдырды
Фото: instagram.com/mukhtar_niyaz

Танымал айтыскер ақын Мұхтар Нияз айтыс жанашыры, ақын Жүрсін Ерман туралы жантебірентер жазба қалдырды. Бұл туралы өнер иесі Instagram парақшасына жариялады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Алтын домбыраның үш дүркін жеңімпазы, Жалағаш ауылының тумасы Мұхтар Нияз әлеуметтік желідегі парақшасына ұстазы, айтыс жанашыры Жүрсін Ерманның сырқаттанғаны туралы жазды.

"Тым бос адаммын ғой. Жүрсін ағаның күндей күркіреп, жасындай жарқылдап жүрген сәттерін ғана көрген соң ауырып қалғалы көзіне көзім түсіп кетсе, көңілім босап қоя береді. Кешегі Қызылжардағы айтысқа сау адамның жетуі оңай болған жоқ, жердің мойыны алыс қой. Екі күн өте жақсы айтыс өтті. Шұғайып інім бас жүлде алды. Ерекше қуандық. Ақындығы да, адамдығы да ерекше жігіт. Басқа ақындарды да құттықтаймын. Айтыстан кейін көптен сағынысып жолыққан соң Жүрсін ағаға барып, әбден құшақтап, сосын қанша адамның көзінше жылап толқып тұрғаным ұят болар деп оңаша шығып кеттім. Ет пен сүйектен жаралған әлсіз пендеміз ғой, өмірдің бар шындығын білсек те, толық мойындауға сабырымыз жетпей жатады. Содан көзімнің жасын сүртіп, өзімді енді ретке келтіріп жатсам, Рүстем құрдасым жетіп келіп "не боп қалды, Мұха?" дейді, сол жыламсырған күйі Русяға қарап "бас бәйгені Шұғайып алып кетті ғой, Руся, мен не істеймін, не жаздым соншама" деп құшақтап алғанмын. Ол досым да менің көңілімді аулап жүреді ғой өмір бойы, жұбатып әлек боп жатыр. Мен "еңкілдеп жылап, сылқылдап күліп жатырмын", - деп жазды айтыскер.

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от muhtar-niyazov (@mukhtar_niyaz)

Айта кетейік, бұған дейін Швейцарияда ем алып келген, Жүрсін Ерманның жағдайы қалай екенін жазған болатынбыз. 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Е. Ерболұлы