"Бұл салаға кездейсоқ келдім дей алмаймын". Жас ұстаз қоғамда педагог мәртебесі жоғарылап келе жатқанын айтты

"Бұл салаға кездейсоқ келдім дей алмаймын". Жас ұстаз қоғамда педагог мәртебесі жоғарылап келе жатқанын айтты
Фото: Tengrinews.kz/Тұрар Қазанғапов

Қазақ қоғамында "алты алаштың баласы бас қосса, төр - мұғалімдікі" деген тенденция жылдан-жылға кең көлемде насихатталып келе жатыр. Өскелең ұрпақ арасында педагог мамандығын таңдайтын жастар қатары да артып келеді. Бұған бірден-бір себеп мемлекет көлемінде педагог мәртебесін көтеру, қоғамдағы беделін арттыру мақсатында түрлі шаралар қолға алынуы деуге негіз бар. Оның айқын дәлелі - 2019 жылы қабылданған "Педагог мәртебесі туралы заң". Бұл заңның басты мақсаты мұғалімдердің мәртебесін көтеру, оларды ынталандыру болды. Massaget.kz тілшісі өмірін ұстаздықпен байланыстырған, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Жайнагүл Сдиховамен сұхбаттасып, бұл мамандыққа қалай келгенін, жастар арасында педагог мамандығына деген көзқарас қандай екенін сұрады.

Кез келген адамның өмірдегі Темірқазығы отбасы екені анық. Тіпті мамандық таңдауда да ата-ана бала үшін идеал болады. Атырау облыстық дарынды балаларға арналған ұлттық гимназияның қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Жайнагүл Сдихова да бұл салаға анасына еліктеп келгенін айтады.

"Мұғалімдікке кездейсоқ келдім дей алмаймын. Анам мұғалім болғандықтан, сол кісіге еліктеп өстім. Мектептегі ұстаздарымды үлгі тұтып, әсерлі әңгімелерін көкейге тоқып алуға тырысатынмын. Түбегейлі бұл мамандықты таңдауыма жоғарғы оқу орнында өтетін педагогикалық практиканың ықпалы зор болды", - дейді жас ұстаз.

Жайнагүл Сдихованың сөзінше, университетте алған білім, тәжірибе де оның өмірлік жолының айқындалуына септігін тигізген. Жыл сайын елімізде дәл осы мамандыққа бөлінетін грант саны артып келе жатыр. Мәселен, 2021-2022 оқу жылында бакалавр дәрежесіне 56 мыңнан аса білім гранты бөлінсе, соның ішінде педагогикалық салаға 9573 грант бөлінген еді. Ал биыл жалпы саны 88 мың грант бөлінді. 

Бұл мамандықтың өзіндік қиындығы, қызық тұсы бар. Дегенмен әрбір шәкірттің алдында ұстаз - теңдесіз тұлға. Сондықтан бұл салаға шынайы ниетпен келгендер үшін ұстаздық ештеңеге айырбастамас ләззат сыйлайды.

"Педагог болудың қызығы мен қиындығы қатар жүреді. Қызығы - шәкірттің шынайы ықыласын алу, махаббатына бөлену. Өз ісін жақсы көретін педагог үшін әр сабағы ләззат сыйлайды деп ойлаймын", - дейді мұғалім де бұл туралы.

Өз ісіне шын берілген педагогтің әр сабағынан кейін осы салаға келуді таңдайтын шәкірттер де аз емес.

"Қазір мұғалім боламын деген шәкірттер өте көп. Әсіресе, оқу үлгерімі жоғары оқушылардың білім саласына бару қуантады. Бұның екі себебі болуы мүмкін. Біріншіден, педагог мәртебесі жоғарылап, олардың жалақысының өсуі әсер етеді. Екіншіден, педагогикалық мамандыққа түсудің балы жоғарылап, шәкіртақының көтерілуі де әсер етіп жатыр. Бастысы, өз ісінің хас шебері болып қалыптасар шәкірттеріміз көп болсын!" - дейді қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі.

Расында да, кейінгі жылдары "Педагогикалық ғылымдар" саласына тапсырушылардың балы кемінде 75 болуы керек екені туралы бұйрық енгізілді. Сонымен қатар, педагогикалық мамандықтарда білім алатын студенттердің шәкіртақысы 42 мың теңгеге дейін өсті.

Ал ең бастысы осы саладағы мамандардың жалақысы өсіп келе жатыр. Үкімет басшысы Әлихан Смайылов халық табысын арттырудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасы одан әрі іске асырылып жатқанын, соның шеңберінде 3 миллионнан аса адамның жалақысы өскенін мәлімдеген еді. Биыл 1 қаңтардан бастап балабақша тәрбиешілерінің, мектептер мен колледж педагогтерінің, сондай-ақ, қосымша білім беру жүйесі мамандарының жалақысы 25 пайызға өсетіні белгілі болды.

Сонымен қатар, мұғалімдер алатын жалақыға қосымша төлемдер белгіленеді. Оған біліктілік санаты үшін жалақының 30 пайызынан 50 пайызына дейінгі мөлшер, магистр дәрежесі үшін, ағылшын тілінде пәндерді жүргізу, дәптерлерді тексеру, сынып жетекшілігі және тәлімгерлік үшін қосымша төлемдер жатады.

Ресми мәліметтер бойынша елімізде 500 мыңнан аса мұғалім бары айтылды. Ал 2019 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойған "Педагог мәртебесі туралы" заң осы мыңдаған ұстаздың мәртебесін көтеріп, құқығын қорғауға бағытталған. Бұл заң 21 баптан тұрады. Сондай-ақ, осы заң аясында мемлекеттен қыруар қаржы бөлінді. Мәселен, 2020-2022 жылдарға 2 триллион 282 миллиард бөлінген. Оның ішіне жоғарыда айтылған жалақының көтерілуі, қосымша қызметтер үшін ақы төленуі секілді маңызды бөліктер кіреді.

Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Жайнагүл Сдихова да бұл саладағы мамандардың мәртебесі артып келе жатқанын айтады.

"Педагог мамандығының мәртебесі жыл сайын жоғарылап келе жатыр деп ойлаймын. Өскелең ұрпақ мұғалімдіктің күрделі, жауапкершілігі зор сала екенін сезінеді. Мұғалім оқушының болашағына әсер ететін бірден-бір тұлға болғандықтан, мұғалімдерге де артылатын жауапкершілікті естен шығармаған дұрыс", - дейді ол бұл туралы.

Бүгінде педагогтарды аттестаттау рәсімінде де оң жаңалықтар қабылданып жатыр. Соның бірі - аттесттау рәсімі. Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев енді кәсіби біліктілік мұғалімдердің пәнді қаншалық деңгейде білетініне және жұмыс нәтижесі оқушылардың жетістіктеріне бағытталатынын айтқан еді.

Осы бағыттағы педагог мәртебесін арттыру бойынша атқарылып жатқан маңызды іс-шаралар, мұғалімдерді ынталандыруға бағытталған елеулі жұмыстар жастар арасында бұл мамандық туралы оң көзқарас қалыптасқанын көрсетіп отыр. Бүгінде осы салаға баруға бел буған әрбір жас "мұғалім болу - қоғамның айнасы болу" екенін жақсы түсінеді. Сондықтан педагогикалық бағытты таңдайтын мамандар қатары көбейіп отырғаны көңіл қуантады.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова