Ақмолада қайыңды орманды құрт басып, ағаштар қурап жатыр

Ақмолада қайыңды орманды құрт басып, ағаштар қурап жатыр
Фото: Автордан

Ақмола облысының Сандықтау ауданында ормандарды жаппай түкті қырықбуын құрттар жайлап, шоқ-шоқ қайыңдар қурап мүлде солып кеткен. Ағаштардың өн бойын құрт басып жапырақтарын түгелдей жеп кететінін байқаған тұрғындар экологиялық апатқа ұрындыруы мүмкін екенін айтып дабыл қағып жатыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Тұрғындардың айтуынша орманның әр тұсында осындай жағдай туындағалы біршама уақыт өткен. Ормандардың бәрі осындай күйге ұшырағанын байқаған тұрғындар құзырлы органдардан тез арада шешімін табуын сұрап отыр. 

"Тұтастай орман алқаптарын құрт басып барады. Бұл алдағы болашақта үлкен қатер төндірмек. Біз Сандықтау ауданында тұрамыз. Жан-жағымыздың бәрі қалың ағаш. Бірақ орман ішінде көп бөлігінде қайың ағаштарын жібек құрттары жайпап барады. Жапырақтарын түгін қоймай жеп кетеді екен. Қазір ағаштар қыстыгүні сияқты мүлде жалаңаштанып қалған. Құрғақ ыстық ауа райында олар еш әрекет қылмаса одан сайын көбейіп, жағдай одан сайын ушыға түспек", - дейді ауыл тұрғыны Александр Троценко. 

Тұрғындар жедел әрекет етпесе мұның соңы ірі экологиялық апатты жағдайға душар етуі әбден мүмкін деп қауіптенеді. Аталған мәселе бойынша Ақмола облысының табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы ресми түсініктеме берді. Басқарма мәліметінше ормандардағы зиянкес жәндіктермен күреске қыруар қаражат бөлінген. 

"Орман зиянкестерінің әуе әдісімен жою мақсатында бюджеттен 24,8 миллион теңге бөлінді. Бұланды ауданының Отрадненское орман шаруашылығының 900 гектар алқабына және Зеренді ауданының Кішітүкті орман шаруашылығының 500 гектар алқабында өңдеу жұмыстары жүргізілді. Қазіргі уақытта Зеренді ауданында Бұқпа орман шаруашылығында 150 гектар және Сандықтау ауданында Маралды орман шаруашылығында 200 гектар орман алқабында жұмыстар жүргізілуде, - дейді басқарма жауабында. 

Тұрғындар құзырлы органдар жедел әрекет етпесе мәселе одан сайын ушығып кетуі мүмкіндігін айтып отыр. 


Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Қ. Әбілдәқызы