Екібастұзда жаппай төбелес видеоға түсіп қалды

Екібастұзда жаппай төбелес видеоға түсіп қалды
Фото: Видеодан алынған кадр

Екібастұзда мейрамханалардың бірінің маңында түнде бір топ адам төбелесіп қалды. Полиция жаппай төбелестің мән-жайын анықтап жатыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Төбелес болған жерден түсірілген видеоны "Криминал Казахстан" Telegram-арнасы жариялады.
Видеода ер адамдардың бір-бірін ұрып жатқаны көрінеді. Бір жігіттің жерде қимылсыз жатқаны, тағы екі ер адам оны көтеруге тырысқаны видеоға түсіп қалған. 

Павлодар облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі өкілдері оқиғаның 25 маусымда түнде болғанын хабарлады.

"Бір топ адамның төбелесіп жатқаны туралы қоңырау түсті. Қазір барлық қатысушы анықталды. Бұл дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 293-бабының 2-бөлігі бойынша соталды тергеу басталды, оның қорытындысы бойынша оқиғаға қатысқандардың әрекетіне құқықтық баға беріледі. Оқиғаның мән-жайы мен себептері анықталып жатыр", - деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі.

"Бұзақылық" бабының санкциясы бойынша 5 000 АЕК (17 250 000 теңге) мөлшерінде айыппұл салу немесе 1200 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тарту, бас бостандығын шектеу немесе 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген. 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

С. Бөлек