Бес жыл ішінде қолма-қол ақша қолданыста болмайтыны рас па?

Бес жыл ішінде қолма-қол ақша қолданыста болмайтыны рас па?
Фото: Тұрар Қазанғапов

Әлеуметтік желілерде батыс БАҚ-тары алдағы бес жылда қолма-қол ақша толық жоғалады деп хабарлағаны тарап жатыр. Бұл - жалған ақпарат, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі stopfake.kz-ке сілтеме жасап.  

"Қолма-қол ақша", "жоғалу" және "5 жыл" кілтсөздерін іздесеңіз, The Motley Fool қаржы сауаттығы мен инвестиция туралы ақпарат беретін ұлыбританиялық порталына сілтеме шығады. Порталдағы мақалада статистикалық деректерді жинауға және талдауға мамандандырылған Merchant Machine сайтына сәйкес, Ұлыбританияда адамдар 2026 жылға қарай қолма-қол ақшаны пайдалануды тоқтатуы мүмкін делінген. Мұндай болжамдар кейінгі жылдары елдегі қолма-қол ақша айналымының тұрақты төмендеуі негізінде жасалды.

Сайтта басқа елдерге қатысты мұндай болжамдар болмаған. Сонымен қатар, Ұлыбританияға қатысты болжам да оқиғаның өрбуінің жалғыз ықтимал нұсқасы ретінде емес, негізделген болжам түрінде айтылған.

Қолма-қол ақшадан бас тарту үрдісі көптеген дамыған елде байқалады. Мысалы, қазір Швецияда барлық төлем қолма-қол ақшасыз форматта жүзеге асырылады. Алайда банктерді адамдарға қолма-қол ақша беруге міндеттейтін заң бар: ақша кассаларда беріледі және банкоматтар купюралармен толтырылады.

Финляндия мен Норвегияда, Жаңа Зеландияда да осындай нормалар бар, онда азаматтардың басым бөлігі қолма-қол ақшасыз есеп айырысқанды жөн көреді. 

Демек, бес жылдан кейін әлемде қолма-қол ақша жоғалады деп айтуға негіз жоқ. Кейбір дамыған елдер қолма-қол ақшасыз төлемдерге толықтай ауыса алады, бірақ бұл қолма-қол ақша айналымнан мүлдем шығарылады дегенді білдірмейді.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

С. Бөлек