Құрбан айт - 2023: құрбандыққа шалынатын малға қатысты не білу керек?

Биыл Құрбан айт 28, 29 және 30 маусымда тойланады. 28 маусым - елімізде демалыс күні болып жарияланды. Құрбан айтқа қатысты түрлі сұрақ бар. Оның ішінде, құрбандық ретінде сойылатын малға қатысты сауалдар көп. Massaget.kz тілшісі ҚМДБ деректеріне сүйеніп, маңызды сұрақтардың жауабына шолу жасады. 

Жолаушыға құрбан шалу міндетті ме?

ҚМДБ мәліметінше, 90 шақырымнан астам жерге сапарға шыққан адамға құрбандық шалуы міндетті емес. Алайда жолаушы айт күндерінің демалысын пайдаланып немесе басқа да себептерге байланысты сапарлап барған жерінде құрбан шалуына рұқсат етіледі. Оның сапарға шыққаны құрбан шалуына және құлшылығының қабыл болуына кедергі болмайды.

Жолаушы сапарда жүріп құрбан шалып, айт күндері бітпей жатып үйіне қайтса, оған екінші рет құрбан шалу міндетті емес. Сондай-ақ айт күндерінің басында тұрғылықты болып, кейін айт күндерінің ішінде сапарға шықса да оған құрбан шалу міндеттелмейді. Ал егер айттың бірінші күні сапарда болып құрбан шалмаса, кейін айт күндері үйіне қайтса, оған құрбан шалу тиіс болады.

Дүниеден өткен адамның атынан құрбандық шалуға бола ма?

Буаз малды союға бола ма? 

Буаз малды союға рұқсат. Алайда төлдеуіне жақын қалған буаз малды сою - мәкруһ (Діни терминге салсақ, дін тұрғысынан ұнамсыз, жаман іс-әрекет-еск.). Шариғат қоғамның немесе жеке тұлғаның қажеттілігі болмаса, себепсіз үй жануарларын союға, жабайы аңдарды аулау мен атуға, ағаштарды орынсыз кесуге рұқсат етпейді. 

Құрбандық шалғанда қалай ниет ету керек?  

Ниет ету - өте маңызды. Ниетсіз іс бітпейді. Нақты ниет етпесе, көзделген мақсат орындалмай, жай бір әрекет болып қалады. 

Құрбандық дұрыс болу үшін үш шарт табылу қажет: сау мал болу, айт күндері құрбандық шалу және ниет ету. Ниетті тілмен айту шарт емес, көңілде ниет етудің өзі жеткілікті. Құрбандық малын сатып алғанда, біреуге тапсырыс бергенде немесе оны өзі бауыздаған кезде құрбандық ғибадатын ниет етумен шарт орындалады.

Осы орайда, құрбандық ғибадатында ниеттің маңыздылығын көрсететін мына мысалдарға тоқталып өтсек:

  • Қасапшы құрбан шалып жатқанын ұмытып малды бауыздаса, бұл жағдайда малды сатып алып жатқандағы немесе малды құрбандыққа белгілеп жатқандағы ниеті есепке алынады.
  • Кедей адам құрбандық шалу ниетімен бір қой сатып алса, оған сол құрбандықты шалу уәжіп болады. Егер сатып алған малы ұрланса немесе жоғалса, оған ештеңе міндет болмайды. Ниет етіп алған құрбандығын шалмаса әрі құрбан шалу уақыты өтіп кетсе, байға ұқсап садақа беруге міндетті болады.
  • Сатып алған құрбандығын басқа адам рұқсатсыз бауыздаса, құрбандығы дұрыс саналады. Өйткені, иесінің малды әуелде құрбандық ниетімен сатып алғаны есепке алынады.
  • Бір кісіден жеті кісіге дейін бірігіп, сиыр, не түйе шалғанда, олардың әрқайсысы құрбандықты ниет етулері тиіс. Араларындағы біреуі соғым немесе жәй ет алу ниетімен қатысса, ешбіреуінің үлесі құрбандыққа есептелмейді. 

Құрбандық орнына садақа беруге бола ма? 

ҚМДБ мәліметінше, құрбан айт күндері құрбандықты бауыздамай, ақшасын садақа ете салу дұрыс емес. Өйткені, шариғат бойынша құрбандық малын бауыздап, қан ағызу - міндет.

Алайда, сатып алған құрбандығын айт күндері шала алмаса, оны тірідей садақа етеді. Ал егер құрбандықты сойып қойған болса, оның барлық етін мұқтаждарға таратады, өзі одан ештеңе жемейді. Өйткені, уақыты өтумен құрбандық міндеті садақа міндетіне ауысады. Егер құрбандықты әлі сатып алмаған болса, құрбандық құны мөлшерінде садақа етеді.

Эпидемиологтар Құрбан айт қарсаңында қазақстандықтарға ескерту жасады

Демек, құрбандық шалуға міндетті болған адам белгілі малды бауыздап қан шығаруы тиіс. Ал құрбан шалудың орнына садақа беру мойнынан уәжіпті түсірмейді.   

Айт намазының кестесі 

Құрбан айтта шалынған малдың қанын баланың маңдайына жағу қандай ырым?

Еске салайық, Қазақстанда құрбандық шалу рәсімін қашықтан өткізуге арналған сайт ашылған болатын.

"Барша қазақстандықтарды "Құрбан-2023" қайырымдылық акциясына үлес қосуға шақырамыз. Халыққа, әсіресе ірі қалаларда тұратын тұрғындарға қолжетімді болу үшін биыл салтанатты рәсім оффлайн және онлайн форматта өтеді", - делінген ҚМДБ хабарламасында.

Сайт арқылы құрбандыққа шалынатын малды таңдап, қажетті қаражатты аударуға болады. Қой мен ешкіге бір адам тапсырыс берсе, ірі қара мен түйеге бір-жеті адам бірге тапсырыс береді. Төлеу кезінде тапсырыс нөмірін және жіберушінің атын көрсету керек. Құрбандық шалғаннан кейін тапсырыс берушіге фото және бейне есеп жіберіледі.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!