Петропавл тұрғыны ауласын көне Еуропаға айналдырып алған

Петропавл тұрғыны ауласын көне Еуропаға айналдырып алған
Фото: "Хабар 24"

Петропавл қаласының тұрғыны тастардан ғажайып сарай салады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Хабар 24" телеарнасына сілтеме жасап. 

Петропавл қаласының тұрғыны Анвар Файзулин өзі тұратын жардың жиегіне биік қамал тұрғызып, ауласын көне Еуропаға айналдырып алған. 

"Өзіме да, адамдарға да ұнайды. Жардың жиегінде отырып күннің шыққаны мен батқанын көру тіпті ғажап. Бұған көп ақша да кетпейді. Ынта болса болды. Бәрі қолдың ісі", - дейді Анвар Файзулин. 

Шағын сарайлар қазір биік қорған болды. Шебер оларды барынша шынайы етіп салуға тырысқан. Тіпті мұнара, көпір, қақпаларына дейін айнымайды. Жардың жиегін мыңдаған таспен бекітті.  

Анвар Файзулин жардың жиегін жасыл желекпен де көмкерген. Қазір бұл жерде шырша, қарағай, арша секілді қылқан жапырақты ағаштар өседі. 

"Бір бос орын бар. Сол жерге тағы бір мешіт салсам ба деймін. Мұнарасын тауып қойдым. Енді қасбетін сызып жасау керек", - дейді Анвар Файзулин. 

Анвар Фазулин биыл 70-ке толады. Ол өмірінде өзіне зәулім сарай салмаса да қайталанбас қамал тұрғызды. Бұл оның ғана жан сарайы. 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

С. Сатыбалдина