"Күлкілі! Бұл қағаздың маңыздылығы қандай?" Ақтауда студенттер оқу орны берген дипломға шағымданды

"Күлкілі! Бұл қағаздың маңыздылығы қандай?" Ақтауда студенттер оқу орны берген дипломға шағымданды
Фото: © yu.edu.kz

Ақтаудағы Yessenov University студенттері дипломдарына шағымданды: студенттерге дәстүрлі құжат орнына лентаға оралған қағаз таратылған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі inaktau.kz-ке сілтеме жасап.

"Университетіміз әдеттегідей бізді таңғалдырудан жалықпайды! Біз - Ш. Есенов атындағы КМТИУ студенттеріміз, соңында дипломның орнына лентаға оралған қағаз аламыз деп мүлде ойламаппыз! Сырты үшін ақша төледік! Қызыл диплом – 2500 теңге, көк – 1500 теңге. Енді сұрақ туындайды: ақшаны не үшін бердік? Қағаз үшін? Әлде лента үшін бе? Неге биыл осындай өзгерістер енгізуге шешім қабылдады? Бұл қағаздың маңыздылығы қандай? Барлығын өзіміз басып шығаруымыз үшін бірден электрон поштаға хатпен жібере салмадыңыздар ма? Күлкілі! Осы уақытқа дейін қанша рет үндемедік, барлық мәселеге көз жұмдық! Бірақ, ең алдымен жылына 400 мыңнан төлейтін тұтынушы ретінде таңдау құқығымыз бар!", – деп шағымданды студенттер әлеуметтік желіде.

Оқу орнының баспасөз қызметі дипломның сырты үшін ақша жиналмағанын айтты.

"Әлеуметтік желіде тараған "Есенов университеті дипломның мұқабасы үшін 1500-2500 теңге жинады, бірақ берілмеді" деген ақпарат шындыққа сәйкес келмейді.

Yessenov University-де студенттерге ақша жинау шаралары жоқ. Түлектер Jusan Bank арқылы "Түлектер қауымдастығы" қорына мүшелік жарна ретінде 1500 теңге аударады. Қорға кіру ерікті түрде жүргізіледі.

Екінші сұрақ – дипломның мұқабасы. Диплом тек әлемдік форматқа сәйкес (яғни лентамен) салтанатты тұсаукесер кезінде ұсынылады. Одан әрі тізілімге дипломға қосымша (транскрипт) пен мұқаба да тіркелгенін мәлімдейміз", - деп түсіндірді оқу орнының баспасөз қызметі.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Д. Шәріпхан