Болып жатқан оқиға Ресейдің ішкі мәселесі - Тоқаев

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ресейдегі жағдайға қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Ақордаға сілтеме жасап. 

Бұл туралы Президент РФ басшысы Владимир Путинмен телефон арқылы сөйлесу барысында айтты. 

"Қасым-Жомарт Тоқаев қазір болып жатқан оқиға Ресейдің ішкі мәселесі екенін атап өтті. Конституциялық тәртіп пен заң үстемдігі - елдегі құқықтық тәртіпті сақтаудың басты шарты. Бұл - қоғамның қауіпсіздігі мен оның табысты дамуының негізі. Владимир Путин Ресей Федерациясындағы қалыптасқан жағдайға Қазақстанның түсіністік танытқаны үшін алғыс айтты", - делінген Ақорда хабарламасында.

Еске салайық, бұған дейін бірнеше ресейлік БАҚ елде ішкі қақтығыс басталғанын хабарлаған болатын.

Федералды қауіпсіздік қызметі "Вагнер" жеке әскери компания басшысы Евгений Пригожиннің мәлімдемесінен кейін қарулы көтеріліс дерегі бойынша қылмыстық іс қозғады.

Пригожиннің сөзінше, "РФ қорғаныс министрлігі "Вагнер" ЖӘК лагерьлеріне соққы жасаған". Бұл туралы Mash Telegram-арнасы жазды. 

БАҚ Ресейде әскери төңкеріс басталғанын хабарлады: елде не болып жатыр?

ВВС ресейлік қызметі Вагнер мен Ресейдің қорғаныс министрлігі арасындағы қақтығыс жетер жеріне жеткен. "Вагнерліктерге" жасалған зымыран соққысынан кейін Пригожин "әділдік маршын" бастауды шешіпті-мыс, көбісі бұл әскери төңкеріс жасау әрекеті деп бағалаған. 

Ал Ресейдің ресми билігі зымыран соққысы туралы ақпарат шындыққа жанаспайтынын және ол арандату екенін мәлім етті. Бұл туралы РИА Новости жазды. 

Сонымен қатар, ФҚК "түзетілмейтін қателіктер жібермеуге, Ресей халқына қарсы кез келген әрекетті тоқтатуға, Пригожиннің қылмыстық және сатқындық бұйрықтарын орындамауға, оны ұстауға шаралар қабылдауға" шақырды.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!