Абай облысында енесі мен келіні қаржы пирамидасын ұйымдастырған

Абай облысында енесі мен келіні қаржы пирамидасын ұйымдастырған
Фото: © elements.envato.com

Абай облысында енесі мен келіні қаржы пирамидасын құрғаны үшін сотталды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі облыстық Қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне сілтеме жасап.

Іс материалдарына сәйкес, А. 2020 жылы аса ірі көлемде ақша жинап, пайда табу мақсатын көздеген.

"Осы мақсатта А. есімді әйел қаржы пирамидасын құру және басқару жоспарын жасады. Оған ол өзінің келіні Е. есімді әйелді тартты. Берілген тапсырмаға сәйкес, келіні салымшыларды тартумен, олардың тізімін жасаумен, аударылған қаражаттарының есебін жүргізумен және оларды салымшылар арасында қайта бөлумен айналысқан", - деді ведомство өкілдері.

Алға қойған мақсаттарына жету үшін әйелдер WhatsApp желісі мен Telegram-арнасында топ ашқан. Онда салымшыларды тарту үшін олар маркетинг жоспарлары түріндегі ақпаратты жариялаған.

"Олар пирамидаға қатысушыларды үйрету үшін "қораптар" деп аталатын топ ашып, ол жерде пайыздар бойынша салымдар мен төлемдердің мөлшерін анықтап отырған. 2020 жылдың қаңтар-шілде айлары аралығында аса ірі мөлшерде 230 миллион теңгеге жуық қаражат жинаған.

Сот оларды Қылмыстық кодекстің 217-бабы (қаржылық пирамиданы құру және оған басшылық ету) бойынша кінәлі деп танып, азаматтардың қаражаты мен инвестицияларын тартуға байланысты қызметпен айналысу құқығынан айыра отырып, бес жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Олар жазасын ең төменгі қауіпсіздік қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтейді", - деді қылмыстық атқару департаменті өкілдері.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова