Денесі мен қолында жарылғыш зат болды: Астанада банк қызметкерлерінің кепілге алынуына қатысты тың дерек шықты

Kaspi банк бөлімшесінің қызметкерлерін кепілге алған басқыншының қолы мен денесінде жарылғыш зат болған. Бұл туралы ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат Қожаев айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "ҚазАқпарат" басылымына сілтеме жасап.

Марат Қожаев қаскөймен келіссөз жүргізген ІІМ қызметкерлерінің жұмысы жайлы айтты.

"Адамның аты-жөнін жылдамырақ анықтасақ, онымен келіссөз жүргізу де жеңілірек болады. Ал бұл жағдайда біз оның туған-туыстарын тарттық. Оны суретке түсіріп алып, жылдам базамыздан қарап, аты-жөнін анықтадық. Дегенмен бастапқыда ол мүлдем басқа адамның атын айтқан болатын. Біз Дилшот деген адаммен келіссөз жүргізген едік", - деді Марат Қожаев.

Кейін сурет арқылы оның нақты кім екені анықталған. Ол Жамбыл облысының Гродеково елді мекенінің тумасы Әлихан Мурадов болып шықты. Деректер ол адам жайлы ақпарат жинауға, оның мінез-құлқын танып білуге, жақын туған-туыстарының кім екенін анықтауға мүмкіндік берген.

"Біз Жамбыл облысына хабарласып, ондағы бөлімшеміз тез арада оның туған-туыстарын тапты. Солар арқылы оған әсер етуге тырыстық. Сол арқылы ол жасауы мүмкін іс-әрекеттің қаупін азайттық. Бейбіт жолмен шешуге тырыстық. Келіссөздердің еш әсері болмаған жағдайда біздің арнаулы бөлімшеміз әрекет етуі тиіс болды", - деді министрдің бірінші орынбасары.

Оның айтуынша, тосын жай болған кезде Астана қалалық полиция департаментінің "Арлан" жасағы іске кірісуге тиіс еді. Арнаулы жасақ өзінің штаттық кестесіне сай қаруланған. Құрамында түрлі мамандар бар. Мәселен, қатты дыбыс шығаратын граната лақтыратын маман болды. Граната лақтырған кезде жарқ-жұрқ етіп, санаулы секундтарда қылмыскер дағдарып қалады. Ал сол уақытта шабуылдаушылар қылмыскерге жетіп, оны қарусыздандыруға тиіс.

Марат Қожаев ІІМ бөлімшесі өте жылдам әрі мүлтіксіз жұмыс істегенін мәлімдеді. Қылмыскер де, тұтқындағы банк қызметкерлері де зардап шеккен жоқ.

Сонымен қатар, ведомство өкілі қаскөйде қандай қару болғанын айтты.

"Онда тапаншаға ұқсас зат болды. Сонымен қатар, қолы мен денесіне қолдан жасалған жарылғыш құрылғыға ұқсас зат таңып алған. Қазір бұл заттар сараптамаға берілді. Олардың қаншалық жарылғыш зат не муляж екенін сараптама анықтайды", - деді Марат Қожаев.

Еске салайық, бұған дейін Kaspi.kz-тің Астанадағы бөлімшесінде ер адам бірнеше қызметкерді кепілге алғаны хабарланған болатын. Желіде оқиға орнынан түсірілген видео тарады. Кейін Kaspi Bank өкілдері бұл оқиғаға қатысты пікір білдірді. Олардың айтуынша, кепілге алынғандар арасында банкке келушілер жоқ.

Ішкі істер министрлігі өкілдері Kaspi Bank-те неше адам кепілде отырғанын мәлімдеді. Кейінірек ер адам 7 адамды кепілге алғаны белгілі болды.

"Ер адамның оқ өтпейтін жилет кигені туралы ақпарат шындыққа жанаспайды. Сондай-ақ, оқиға орнында "Арлан" арнайы жасағының қызметкерлері жұмыс істеп жатқанын хабарлаймыз. Әскери қызметкерлер арнайы операцияға қатысқан жоқ. Біз азаматтарды ресми ақпарат көздеріне сүйенуге және БАҚ өкілдерін тексерілмеген ақпаратты таратпауға шақырамыз", - деді ІІМ өкілдері. 

Кейін кепілге алынғандардың сыртқа шығарылғаны, оқиға орнына қала әкімі Жеңіс Қасымбек пен ішкі істер министрі Марат Ахметжанов келгені хабарланды. 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!