"Қазақ" деген ұлы ел бар екенін танытып келеді". 90 жылдық тарихы бар оркестр Италияны күйімен тербеді

Қазақтың аспаптық музыка өнері тарихында теңдесі жоқ, қайталанбас өз қолтаңбасы бар Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрі Италия жерін күймен тербеді. Еуразия даласында ғасырлар бойы салтанат құрып, салиқалы ғұмыр кешкен, теңдесі жоқ төлтума туындылармен тарихын жазған халқымыздың күй өнерін көкке көтеріп келе жатқан оркестр 90-маусымының аясында Италия астанасы Рим қаласындағы әйгілі Санта-Чичилия Мемлекеттік музыкалық консерваториясында алғашқы концертін өткізді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Ұлттық және әлемдік танымал классикалық жауһар шығармаларды, қазақтың ән-күй өнерін әлем халықтарына насихаттап жүрген ғасырға жуық тарихы бар оркестр Италия жеріне жоспарлаған "Көшпенділер әуені" атты гастрольдік сапарын аяқтады. Гастрольдік концерт Еуропаның мәдени-тарихи орталығының Рим, Неаполь қалаларында аншлагпен өтті. Рим қаласындағы әйгілі Санта-Чичилия Мемлекеттік музыкалық консерваториясында және Неаполь қаласындағы Teatro Diana ғимаратына жиылған қалың жұртшылық, италиялық талғампаз көрермен, өнерсүйер қауым қазақ музыкасы мен ұлттық аспаптардың сазды үніне тамсанып, таңданыстарын жеткізді.

Концерттен бөлек Құрманғазы оркестрі әлемнің жаңа жеті кереметінің қатарына кіретін, Италиядағы ең ірі Колизей мұнарасының алдында жергілікті тұрғындарға қазақтың күйлерінен жинақталған шағын концерттік бағдарламасын ұсынды. Италия көгін әнмен әуелетіп, күймен тербеген Ұлттық оркестр ҚР Мәдениет және спорт министрлігіне, ҚР Италия Мемлекетіндегі елшілігіне, Неаполь қаласындағы ҚР консулдығына, Санта-Чечилия Мемлекеттік музыкалық консерваториясының ұжымына алғысын білдірді.

Құрманғазы оркестрінің 90 жылдық мерейтойы аясында ұйымдастырылған гастрольдік концертте Ұлттық оркестрмен қатар ҚР еңбек сіңірген қайраткері Батыржан Мықтыбаев, дәстүрлі әнші Сержан Мұсайын, Халықаралық конкурстардың лауреаты Әсел Рақымжан, Ақайша Жұрбай, Raffaele Collienza, Рим қаласындағы Санта Чечилия музыкалық консерваториясының түлегі Лаура Али өнер көрсетті.

Сондай-ақ, оркестрдің бас дирижері Италия Республикасына жоспарланған турне туралы ойын бөлісті.

"Ұлттық оркестр бұған дейін әлемнің 90-ға жуық мемлекетінде өнер көрсетіп, қазақтың төл мәдениетін, төл музыкасын, "қазақ" деген ұлы ел бар екенін ұлттық музыкалық аспаптардың әуезді үнімен танытып келеді. Ал биыл әлемдік классиканың отанына айналған Италия жерінде кезекті гастрольдік концертімізді өткізу бұйырыпты. Бұл - биылға шетелге ұйымдастырылған екінші гастрольдік сапарымыз. Осы гастрольдік сапарда Құрманғазы оркестрінің мерейлі 90-маусымының шымылдығы түрілді. Біздің ауқымды деңгейдегі концертімізге қолдау білдірген Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігіне және Қазақстан Республикасының Италия Республикасындағы төтенше және өкілетті елшісі Ерболат Нәсенұлына, Қазақстан Республикасының Сан-Марино мемлекетіндегі құрметті консулы Pomponi Giovanni мырзаға Құрманғазы оркестрінің ұжымы атынан алғысымызды білдіреміз", - деді ол.

Оркестр директоры Медет Ермекқалиұлы гастрольдік сапардың қандай мақсатта ұйымдастырылғанын түсіндірді.

"Бұл гастрольдік сапар Құрманғазы оркестрінің Италия Республикасына ұйымдастырған алғашқы сапары емес. Бұған дейін 1976 жылы композитор Ғазиза Жұбанованың бастауымен Рим, Милан, Неаполь қалаларымен қатар Сардиния, Сицилия аралдарында қазақ өнерін насихаттады. Ал биыл гастрольдік сапарды Италияның астанасы Рим қаласынан бастадық. Неаполь, Флоренция қалаларында ауқымды деңгейдегі сапар жалғасын табады. Ұлттық музыкалық мұраны осылайша, күллі әлем халықтарына паш етіп, ұлттық аспаптардың көмейінен шыққан сазды әуенмен ұлт мәдениетін таныту - Ұлттық оркестрдің басты парызы", - деді ол.

Концерт соңында Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрінің директоры Медет Ермекқалиұлы Қазақстан Республикасының Италия Республикасындағы төтенше және өкілетті елшісі Ерболат Нәсенұлына, Қазақстан Республикасының Сан-Марино мемлекетіндегі құрметті консулы Pomponi Giovanni мырзаға қазақи дәстүрге сай шапан жауып, шығармашылық қолдаулары үшін алғыс білдірді.

Оркестрдің Италияға ұйымдастырған гастрольдік концерті Неаполь қаласындағы концертпен жалғасады.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!