Алтын қазушылар ШҚО-дағы тағы бір ауылдың маңын қопарып жатыр

Алтын қазушылар ШҚО-дағы тағы бір ауылдың маңын қопарып жатыр
Фото: Автордан

Тұрғындар жуырда Тайынты ауылының маңын қазған техникаларды бейнежазбаға түсіріп, бас-көз демей қопарып жатқандарына наразылық білдірген болатын, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Ресми ақпаратқа сүйенсек, Ұлан ауданына қарасты Тайынты ауылының аумағында "ГДК Альянс" ЖШС пайдалы қазбалар іздеп жатыр. Осы мақсатта алдымен аудан басшысына 2021 жылы жазбаша өтініш жолдаған. Өңір тұрғындарының айтуларынша, Маралды ауылының кебін кимес үшін ауыл жұрты осы бастан әкімдерге шығып, наразылық білдіргендері дұрыс.

"Ең үстінде отырған инвестор, олигархтарды халықтың алдына әкеліп, жауап алу керек. Қазақстанның табиғатын не себепті жеке бас пайдалары үшін құртпақ? Қара бастың қамымен табиғатқа қандай орны толмас зардап келтіріп жатқандарын көрулері тиіс. Мүмкін ойланып, өздері тоқтар. Тоқтамаса бұқара халық бірігіп, табиғатқа қарсы істеп жатқан бассыздықты тоқтатайық", – деді Кемел Әлімханов.

Әкімдік өкілдері "ГДК Альянс" ЖШС "қатты пайдалы қазбалар іздейміз" деп туризмі енді-енді дамып келе жатқан Тайынты маңын 2025 жылдың қыркүйегіне дейін қазуды жоспарлағандарын жеткізді. Сорақысы сол, техникалар Тайынтыдан 3-4 шақырым жердегі демалушылар жиі келетін Шыбындыкөл аумағын тапанына салып жатыр.

"2021 жылдың 16-наурызында Ұлан ауданы әкімдігінің сервитут белгілеу туралы қаулысы қабылданды. Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің 2022 жылғы 21-қыркүйектегі қаулысымен "ГДК Альянс" ЖШС-ға Шыбындыкөл маңынан 171,428 гектар жер пайдалы қазбалар өндіру үшін берілді", - делінген мәліметте.

Асыл Бигелді

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Қ. Әбілдәқызы