"Бұл әннің барын ұмытып та кетіппін". Арман Қайназаров ән шығарып берген әншілер оның жағдайына пікір білдірді

"Бұл әннің барын ұмытып та кетіппін". Арман Қайназаров ән шығарып берген әншілер оның жағдайына пікір білдірді
Фото: abai_begei

Әлеуметтік желі арқылы композитор, әнші Арман Қайназаровтың адам танымастай күйге түскені белгілі болған еді. Арман ән шығарып бердім деген өнер иелері оған қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Бұл қатарда танымал әнші Абай Бегей де бар. Өнер иесінің сөзінше, Арманнан әнді ақысына сатып алған.

"Маған интернет желілерінен Арман Қайназаров бауырымыз жайлы біраз видео келіп жатыр… Мені, әріптестерімізді сөгіп жатқандарда бар екен. Арман 2013, 2014 жылдары өзі шығарған "Аңсағаным" деген әнін ұсынды, мен алдым. Өзінің айтқан ақысын төлеп алдым, қанша екені есімде жоқ қазір. Мен одан кейін Арманды көрмедім, қазіргі жағдайын көріп уайымдап отырмын. Өмір болғасын әртүрлі жағдайлар болады, басында не болғанын біз білмейміз ғой. Әрбір адамның басында осындай жағдай болуы мүмкін, мүмкін болғандар да бар шығар. Азамат жігіттер жанашырлық танытып көмектесіп жатыр екен, бауырларымызға Алла разы болсын! Арманның алдағы өміріне сәттілік тілеймін, енді бәрі Арманның өзіне байланысты, ішімдікті қоямын деп ниеттенсе, мен де қол ұшымды беруге дайынмын. Кімнің басында не болмайды, түсіністікпен қарайық дегім келеді", - деп жазды Абай Бегей.

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от Абай Бегей (@abai_begei)

Ал Қарақат Әбілдина әнді телефон арқылы алғанын айтты.

"Журналистер хабарласып ақын-композитор Арман Қайназаров жөнінде сұхбат алғысы келетіндерін айтты. "Қыдырәлі мен Қарақат әнімді орындайды" деген сөзін біз де әлеуметтік желілерден естіп білдік. Бұл кісіні жеке танымайды екенбіз. Әнін телефон арқылы ұсынып, жарыққа шығарсаңыздар деген тілегін білдірді. Қыдекеңнің концертіне дайындалып жүрген кез болатын, сөзін соған лайықтап Айнұр жазып, "Жаным-ау" деген атпен алғаш рет "Ұлытау ұлы" концертінде орындап шықтым. Оған да бес жыл өткен екен", - деп жазды Қарақат Әбілдина.

Сондай-ақ, тыңдарманның көңілінен шықса, алға қарай да орындайтын ниеті барын жоққа шығармады.

"Сөйтіп, қандай ән болды екен деп архивті ақтарып отырып тауып, өздеріңізбен бөлісіп отырмын. Репертуарымда бұл әннің барын ұмытып та кетіппін, жиі орындамағаннан кейін шығар. Талғамы жоғары тыңдармандарымның көңілінен шығып жатса неге орындамасқа?! Біршама әншіге ән жазған екен, осындай хәлге түскені өкінішті... Өнер адамдары сезімтал, жүрекке жақын алғыш, көңілшек келеді ғой. Әлемі бөлек, жан дүниесі нәзік, сынып кетуге бейім тұрады. Қу арақ кімнің түбіне жетпеген ?! Қарап отырып жүрегің ауырады. Шын… Қаншама отбасы осы шайтансудың шатағынан шайқалып жатыр. Жаратқан жар болып, пенделерін адастырмай, тура жолға салса екен", - деп жазды әнші.

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от Karakat Abildina (@karakat_a)

Еске салайық, бұған дейін әлеуметтік желіде Арман Қайназаров есімді жігіттің аянышты жағдайдағы видеосы кең тарағаны хабарланған еді. Ол өзінің Қызылорда облысынан екенін айтқан болатын.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова