Түркістан облысында 174 ауыл әкімі жайылымдық жер тапшылығын қолдан жасаған

Түркістан облысында 174 ауыл әкімі жайылымдық жер тапшылығын қолдан жасаған
Фото: ©️ Tengrinews.kz / Тұрар Қазанғапов

Түркістан облысында 174 ауыл әкімі жайылымдық жер тапшылығын қолдан жасаған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Бас прокуратураға сілтеме жасап. 

Түркістан облысының прокуратурасы "Қолжетімді жайылым" жобасының аясында 174 ауыл әкімін Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 498-бабы (статистиканы қосып жазу және бұрмалау) бойынша 5 миллион теңгеге әкімшілік жауаптылыққа тартты.

Ведомство мәліметінше, әкімдер ауыл-аймақтарда сүт және ет өнімдерін өндіру бойынша көрсеткіштерді "жақсарту" мақсатында статистикалық есептерге қасақана шаруа қожалықтарындағы мал бастарын қосып жазған. 

Нәтижесінде бұрмаланған есептерді аудан әкімдері жайылымдық жерлерді басқару Жобасын түзу және бекіту барысында қолданған. 

Қазір бұл статистика прокурорлардың ықпалымен ретке келтіріліп, облыс бойынша нақты қажеттілік үш есеге, яғни 2,1 миллион гектардан 652 мың гектарға дейін төмендеген.

Бұдан басқа, прокурорлық актілердің негізінде қала, аудан әкімдіктерімен бұрын бекітілген мағыналас Жобаларды қайта қарау жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Осы тектес кемшіліктерді алдын алу мақсатында стратегиялық жоспарлау және реформалар бойынша агенттігіне, Ауыл шаруашылығы министрлігіне және Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігіне мал шаруашылығы саласындағы бағдарламаларды интеграциялау бойынша бірқатар ұсыныс жолданды.  

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

С. Бөлек