Неліктен жаңбырлы күні ұйқыңыз келеді?

Неліктен жаңбырлы күні ұйқыңыз келеді?
Фото: pixabay.com

Ауа райы адамдардың көңіл күйіне және хал-жағдайына әсер етеді. Жаңбырлы күні жата тұрғыңыз келеді және ұзағырақ ұйықтағыңыз келеді. Неліктен жаңбырлы күні адамдарды ұйқы қысады?

Күн жарығының жетіспеуі

Жаңбырлы күндердегі бұлтты атмосфера шаршаңқылыққа және ұйқышылдыққа әкеледі. Сондай-ақ ол көңіл күйдің өзгеруіне әсер береді. Себебі күн көзінің жеткілікті болмауы серотонин гормонының азырақ бөлінуіне әкеледі. Ал бұл гормон жақсы көңіл күйге жауап береді. Сол үшін көпшілік адам өзін шаршаңқы және абыржыған сезінеді.

Сондай-ақ бұл кезде мелатонин гормоны белсенді бөлінеді. Бұл ұйқыны реттеуге және ағзаның циркадты ырғағын реттеуге қажетті гормон. Оның бөлінуі уақытында тоқтау үшін күннің көзі керек.

Жаңбыр дыбысы алқызыл шуға жатады

Шу түстері деп аталатын терминдер жүйесіне сәйкес, фондағы дыбыстар адамдарға қандай да бір әсер береді. Олар қуаттылығы, жиілігі және тығыздығы бойынша бөлінеді.

Алқызыл шу - жиілігі 40-60 Гц болатын, ал қуаттылығы 4000 Гц-тен 6000 Гц-ке дейінгі дыбыстар. Мұндай шуға жүрек соғысы, жел мен толқын шуы, ғарыштық денелердің электромагниттік сәулеленуі және жаңбыр дыбысы жатады. Алқызыл шу ұйқыны сапалы әрі терең ететінін дәлелдейтін зерттеулер болған. Көпшілік жаңбыр жауып тұрған кезде жылдам және қатты ұйықтап кететінін айтады.

Қысымның өзгеруі

Жаңбырлы ауа райында атмосфералық қысым мен ауадағы оттек концентрациясы түсіп кетеді. Сондықтан адамның артериялық қысымы түсіп кетуі мүмкін. Ал одан қандағы оттек концентрациясы азайып, мидың жүйке тіні белсенділігі азаяды. Соның салдарынан адамдар жаңбырлы күні өздерін шаршаңқы сезінеді және ұйқылары келуі мүмкін.

Петрикор

Жаңбыр жауған кезде шығатын жердің иісін петрикор деп атайды. Кей ғалымдардың айтуынша, петрикор көпшілік адамға тыныштандырушы және босаңсытушы әсер береді.

Физикалық белсенділіктің болмауы

Жаңбырлы күндері көпшілік серуендеуге шықпайды. Адам белсенді болмаса, энергия деңгейі түсіп кетеді. Артериялық қысым төмендегендіктен және серотонин жетіспегендіктен, тіпті, қарапайым тұрмыстық істердің өзі кейінге қалады. Адамдар жаңбырлы күні жатқанды, теледидар қарағанды, қолөнермен айналысқанды жақсы көреді. Бұл ұйқышылдыққа әкеледі. Сондықтан егер жаңбырлы күні сергек жүргіңіз келсе, қозғалыңыз.

А. Жапатова