Депутат Ардақ Назаров 25 жыл тоқтаусыз мал баққан адамның зейнет жасын төмендетуді ұсынды

Мәжіліс депутаты Ардақ Назаров мал шаруашылығымен айналысатындарға жағдай жасау керегін айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

"Бүгінгі мәселені көтеру себебім, ауылдағы малшының жағдайы. Мен де ауылдың баласымын, төрт түлік малдың бәрін бақтым. Мал бағудың машақаты мен қиындығын жақсы білемін. Біздің қазақта: "Балықшы желде, диқан жаңбырда, малшы өлгенде демалады" деген ата сөзіміз бар. Қала қазағы кәделеп асқан етімен, сыйлы қонағын күтеді. Алайда осы сый-құрметтің артында сонау ауылдағы ағайынның тынымсыз еңбегі, маңдай тері әрі мал бағудың үлкен жауапкершілігі мол шаруа екенін сезіне бермейді. Шаруа мен малшының жұмысы ауыр", - дейді депутат. 

Назаров жаздың ми қайнатар ыстығы, көктем-күздің жаңбырлы түні мен бүйірден соққан желі, қаһарлы қыстың қырауына қарамастан, малды аман сақтау оның міндеті екенін атап өтті. Осыны ескере келе малшының мәртебесін көтеру жөнінде бірнеше ұсыныс жасады: 

1. Малшының балаларын балабақшамен қамтамасыз ету. Мектеп жасындағы балаларына жақсы білім алуына жағдай жасап, арнайы интернаттар ашып оқыту қажет.

2. Жоғарғы оқу орындарына түсуге арнайы гранттар бөлу және Ұлттық бірыңғай тестерді тапсырған малшы балаларына арнайы жеңілдіктер жасалу қажет.

3. Жылына бір мәрте малшыны жанұясымен бірге тегін медициналық қызметтерден өткізіп, шипажайға демалуға жолдама берілу қажет.

4. Ауыл мен аудан орталықтарында мемлекеттік бағдарламамен салынып жатқан қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз ету.

5. Малшының жұмысы ауыр болғандықтан зейнетке шығу жасын төмендету, бұл жерде мен әскери қызметкер сияқты 25 жыл тоқтаусыз мал баққан адамға зейнетке шығаруды ұсынар едім.

6. Бүгінгі таңда мал бағушылардың еңбектері жұмыс беруші тарапынан бағаланбай жатқанын ескерсек, Еңбек бағдарламасы арқылы мемлекеттен белгілі бір пайызда жалақы төленсе.

7. Ең басты мәселе жыл сайын әр өңірден білікті шаруалар мен малшылар анықталып, Мемлекет басшысының қолынан "Еңбек Ері" атағын беруді ұсынамын. Кезінде малшы мәртебесі биік болғаны соншалық "Батыр, Социалистік Еңбек Ерлері" Жолсейіт Молдасанов, Жазылбек Қуанышбаев сынды аталарымыз әлі ел есінде. Жоғарыдағы айтылған құрмет пен ескерулер, жағдайлар жасалса, малшының мәртебесі көтеріліп, біліктілігі артады, өз аралында шабыт алып, малдың басы көбейеді. Кейінгі буын арасынан ата кәсіпке бет бұрушылар мен қызығушылардың саны артады.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!