"Бұл не деген алтын құрылыс?" Депутат Ермұрат Бәпи ЖЭО-3 салуға миллардтар не үшін бөлінгенін сұрады

"Бұл не деген алтын құрылыс?" Депутат Ермұрат Бәпи ЖЭО-3 салуға миллардтар не үшін бөлінгенін сұрады
Фото: Тұрар Қазанғапов

Депутат Ермұрат Бәпи Астанадағы ЖЭО құрылысының ұзаққа созылғанына наразылығын білдірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Бұл туралы депутат бүгінгі Мәжіліс отырысында айтты. 

"Астанадағы үшінші жылу энергия орталығының салынып жатқанына 14-ші жылға кетіп бара жатыр. Оның ең басты қызығы мынада - жыл сайын құрылыс құны өсіп бара жатыр. Алғашында 86 миллиард деген құрылыс құны 122 миллиардқа көтерілген. Енді биыл бағасы тағы 54 миллардқа өсіп кеткен. Бұл не деген алтын құрылыс екенін түсінбеймін. Оның бітетін уақыты әлі белгісіз. 

Осыған байланысты Астана қаласының әкімдігіне сұрағым: біз Алматы жақтан, жылы жақтан көшіп келдік, биыл қыс қатты болады деген жорамал бар, Астана халқымен бірге қатып қалмаймыз ба? Осынша миллиардқа кім жауап береді? Бұл неге бөліне беретін миллардтар", - деп сұрады депутат Ермұрат Бәпи. 

Депутаттың сауалына Мәжіліс отырысына келген әкімдік өкілі жауап берді. 

"Өкінішке қарай, бүгінгі таңда біз жылудың, Астананың жылу қуатының тапшылығын көріп отырмыз. Біз биыл энергетикалық бөлікті, ЖЭО жылу бөлігін қараша айында жабамыз. Қазір іске қосу-баптау жұмыстары жүргізіліп жатыр, жүйені қысу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Яғни, кезекпен іске қосу болады. 1 қазанға дейін екі қазандық іске қосылады. Сонымен қатар, біз екі жобаны жүзеге асырып жатырмыз. Қараша айының соңына қарай біз профицит аламыз деп ойлаймын. Яғни, бұл бізге 2-3 жыл қосымша жылу қуатын береді. 53 миллиард сомасына келетін болсақ, жобаның қымбаттауы бүгінде сараптамадан өтті. Бұл сома 23 миллиард теңге", - дейді әкімдік өкілі. 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

С. Сатыбалдина