Апатқа дейін Екібастұз жылу желісінде дайындық паспорты болды ма? Министр мен әкімнің орынбасары мүдіріп қалды

Мәжіліс отырысында энергетика министрі мен Павлодар облысы әкімінің орынбасары Екібастұз жылу жүйесінің апатқа дейінгі дайындығына қатысты берілетін құжатқа қатысты сұраққа мүдіріп қалды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

"Энергетика министрлігінің бақылауындағы 40 кәсіпорын 2020 жылдан 2022 жылға дейін мүлде күзгі-қысқы жұмысқа дайындық құжаттарын алмаған. Өтінім бермеген. Осының кесірінен дайындық құжаттары ресми нәрсе сияқты болып қалды. Салдарынан жыл сайын 500-ден аса кәсіпорын дайындық паспортын алуға өтінім бермейді дейді. Бұл қалай болды? Осы жерде заңды сұрақ пайда болады: құрметті Алмасадам Майданұлы, сіздер қалай жұмыс істеп отырсыздар? Неге бұлай жұмыс істеп отырсыздар?", - деп сұрады депутат Ринат Заитов. 

Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиевтің сөзінше, барлық ірі кәсіпорын қысқа дайындық паспортын алады. Тек шағын және орта кәсіпорындар қалады екен. 

"Біз дайын болмадық". Жылусыз қалған Екібастұз тұрғыны суықта қалай күн көріп жатқанын айтты

Осы тұрғыда Мәжіліс төрағасы дайындық паспорты туралы сұрақты нақтылай түсті. 

"500-ге жуық кәсіпорын дайындық паспортын алмаған. Мысалы апатқа дейін Екібастұз жылу желісінде дайындық паспорты болды ма? Әлде оған әкімдік жауап бере ме?", - деп сұрады Қошанов. 

Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев Екібастұз жылу желісі ірі кәсіпорынға жататынын айтып, дайындық паспортына қатысты сұраққа жауап бермеді. 

Бұл сұраққа қатысты Павлодар облысы әкімінің орынбасары жауап берді. 

"Иә, Екібастұз жылу жүйесінде дайындық паспорты болды. Жергілікті әкімдік дайындық паспортын береді", - дейді облыс әкімінің орынбасары. 

Еске салайық, былтыр қараша айларында Екібастұзда жылу желілерінде апат болып, бірнеше үй жылусыз қалған болатын. Тұрғындар -31 градус аязда жылусыз қалды. Артынша Екібастұзда төтенше жағдай жарияланды. 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!