Оралдағы семинарда мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту мәселесі талқыланды

"Мемлекетті тіл – ел бірлігінің кепілі. "Жақында Оралдағы "Атамекен" өнер ордасында дәл осындай атаумен республикалық семинар өтті. Мемлекеттік тіл тағдырын талқылаған жиынға Ғылым және жоғары білім, Ақпарат және қоғамдық даму министрліктерінің, Қазақстан халқы ассамблеясының өкілдері, Астана, Алматы қалалары әкімдіктерінің тілдерді дамыту мәселесіне жауапты басшылары мен мамандары және өңірдің зиялы қауымы қатысты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Кеңес жұмысы басталмас бұрын облыстағы  әр ұлттың өкілдері арнайы көрмеде ұлттық құндылықтарын келушілерге паш етті. Өңірдегі  80-нен астам ұлт пен ұлыстың  бәріне тілі-дінін, салт-дәстүрін ұстануға толықтай жағдай жасалған.

"Облыстық Қазақстан халқы ассамблеясында мемлекеттік тілге деген бетбұрыс өте жақсы. Әсіресе, балалар, студенттер, жастар мемлекеттік тілді еркін меңгерген. Тілдер басқармасы қазіргі күнде тегін курстар ұйымдастыруда. Мемлекеттік тілді үйренемін деген жастарға бар жағдайымен кабинет берілген",  - деп атап өтті облыстық "Қоғамдық келісім" мекемесінің басшысы Медхат Қамбетов.

Өңірдегі мектептердің 70 пайызы қазақ тілінде сабақ береді. Өткен оқу жылында 1-сыныпқа балаларын берген ата-аналардың 85 пайызы мемлекеттік тілде білім алуды таңдаған.

"Қазағы басым Атырау, Маңғыстау, Қызылорда  өңірлерінде тілге қатысты  жағдай тәуірлеу. Көп мәселе Солтүстік облыстарда. Осы тұрғыдан келгенде, Оралда жағдай жаман емес. Негізі, оқыту үдерісін ұйымдастыруды  бір жүйеге келтіру керек. Бұл бағытта мемлекеттік тілде оқытудың бірыңғай типтік үлгісін жасағымыз келеді. Қазір тұжырымдама талқылану үстінде", - деді кеңес жұмысын ашқан ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитетінің төрағасы Ербол Тілешов.

Семинарда ана тіліміздің аясын кеңейтуге қатысты ұсыныс-пікірлер ортаға салынды. Тәуелсіздік алғалы бері елімізде тіл саясаты жүргізіліп жатыр. Мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту мен тілге деген құрметті арттыру мақсатында көптеген мемлекеттік бағдарламалар мен іс-шаралар ұйымдастырылуда. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын таба бермек. Алқалы жиында өз ойын ортаға салған ақын Ақұштап Бақтыгереева жастарға сенетінін айтты.

"Ана тілің – анаңның сүтімен сіңген тіл. Тілді білмеу – өз  анаңды, өз ұлтыңды танымау, тілді білмеу  – өз туған жеріңді сүймеу деп  жанға бататын сөздер айтып, тіл үйренуге шақырдық. Ондай кезеңдер де өтті. Ана тілімізді сақтаудың,  оны дамытудың қандай жолы бар? Бұл енді жастарға аманат!" - деді Ақұштап ақын.

Облыс әкімі аппаратының басшысы Абат Шыныбековтің сөзінше, өңірімізде  этностардың  тілдік құқықтарын қамтамасыз ететін үйлесімді тіл саясаты жүргізіліп жатыр. Жылма-жыл мемлекеттік тілді тегін оқыту курстары ұйымдастырылуда. 2022 жылы ұйымдастырылған оқыту курстарына 700-ден астам адамдар қамтылса, оның 40 пайызын этнос өкілдері құрайды.

Ата заңның баптарында Тіл саясатының тұжырымдамасы мен Тіл туралы заңда айтылған басты мәселе мемлекеттік қазақ тілін дамыту. Бұл бағытта Мемлекет басшысының тіл саясатында дұрыс бағыт ұстап, қолдау танытып отырғаны көпке мәлім. Жалпы тіл саласындағы жұмыстарды атқаруда кәсіби қажеттілікті шыңдау, іскерлікті жетілдіру үшін тұрақты түрде өзара тәжірибе алмасудың маңызы зор. Өңірімізде облыстық тілдерді дамыту басқармасының негізін қалаған, тіл жанашыры Шолпан Қыдырниязова тіл саясаты – өте  нәзік, өте күрделі мәселе екендігін алға тартты.

"Елімізде бұл бағытта көп жұмыс жасалды. Әлі де атқарылатын жұмыс көп. Тіл саясаты табандылықты, салқынқандылықты, үйлесімділікті, үндестікті, сыйластықты, бір-бірін құрметтеуді талап етеді. Оны жүзеге асыру үшін әр адам өзгерісті өзінен бастауы керек деп ойлаймын. Себебі заман өзгерді, талап өзгерді, талғам өзгерді, сұраныс көбейді. Осының барлығының  үдесінен шығу үшін көп  жұмыс істелуде. Қазақта «Жақсы сөз – жарым  ырыс» деген сөз бар. Сондықтан  әрқашан да жасалған жұмыстың жақсы жағын жас ұрпақтың санасына сіңіріп,  үлгі ету мақсатында жұмыс істеуіміз керек. Өнегелі іс қана бізді  өрге сүйрейді", - деді тіл жанашыры.

Мемлекеттік тілді сапалы да дұрыс қолдану, оған деген құрметпен қарау мәселесі өте өзекті. Өз тіліміздің қолданыс аясын жүйелеу мен ретке келтіру бағытында біраз жұмыс атқарылуда. ҚР Президентінің "Әділетті Қазақстан: бәріміз және әрқайсымыз үшін. Қазір және әрдайым" сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі іс-қимыл жоспарының                        

114-тармағын орындау мақсатында республикалық деңгейдегі іс-шара бұған дейін Тараз, Қонаев қалаларында ұйымдастырылыпты.  Жайықтың жағасында өткен тіл тағдырын талқылаған жиында бірқатар сарапшылар мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту және оның мәртебесін арттыру бойынша өз ойларын бөлісіп, ұсыныстарын білдірді.

Семинар соңында айтыскер ақын Шолпан Қыдырниязова ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің "Ахмет Байтұрсынұлы" төсбелгісімен және бірқатар тіл жанашырлары алғысхаттармен марапатталды.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!