1432 ауыл мобильді интернетпен мүлдем қамтамасыз етілмеген - депутат Орынбасаров

1432 ауыл мобильді интернетпен мүлдем қамтамасыз етілмеген - депутат Орынбасаров
Фото: ©️ Tengrinews.kz / Тұрар Қазанғапов

Сенат депататы Бекбол Орынбасаров Парламент ауылдардағы Интернет мәселесіне қатысты сауал жолдады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Ол сауалын Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусинге бағыттады.

"2021 жылғы қарашада Сенаттың 2022 жылға арналған бюджет жобасын талқылау жөніндегі отырысында Сенат депутаттары барлық ауылды кең жолақты интернетпен қашан қамтамасыз ететіні туралы сұрақ қойды. Сіздің сол кезде берген жауабыңыз "2022 жылдың аяғы мен 2023 жылдың басында Қазақстанның кез келген жерінде кез келген адам, егер ол қажет интернетті сатып алса, кең жолақты Интернетке қосылу мүмкіндігіне ие болады" деп жауап бердіңіз. Бұл жұмысты қолдау үшін 2020 жылы байланыс операторларына бес жылдық салықтық жеңілдіктер беру үшін заңнамалық түзетулер енгізілді. Бюджетке түспеген қаражат, ең алдымен, ауылдық аумақтарда сапалы интернетті ілгерілету жөніндегі жобаларды іске асыруға бағытталуға тиіс еді. Сәуірдегі Үкімет отырысында сіз ауылдардың тек 77 пайызы кең жолақты мобильді интернетке қосылғанын, ал жалпы саны 200 мыңнан аса адамдық 1432 ауыл кең жолақты мобильді интернетпен мүлдем қамтамасыз етілмегені туралы баяндаған болатынсыз. Шынында да, сайлаушылармен кездесулер барысында мен және менің әріптестерім ауылдардың Интернетке қол жеткізе алмайтындығына көз жеткіздік. Қазір 2023 жылдың ортасы болды, алайда елдегі ауылдардың шамамен 23 пайызы әлі де мобильді интернетпен қамтамасыз етілмеген. Сонымен қатар, Қазақстан Интернет жылдамдығы мен сымсыз кең жолақты интернеттің ену деңгейі бойынша аутсайдер елдердің қатарына кіреді. Дегенмен Жоғары аудиторлық Палатаның есебінде 2022 жылдың қорытындысы бойынша Интернетке кең жолақты қол жетімділіктің үй желілеріне ену деңгейінің көрсеткіші асыра орындалғаны көрсетілген. Осыған байланысты Менің келесідей сұрақтарым бар. Біріншіден, қалған 23 пайыз ауыл елді мекендер биыл сапалы интернетпен қамтамасыз етіле ме? Екіншіден, "қолжетімді Интернет" жаңа ұлттық жоба аясында 2023-2027 жылдарға қандай шараларды қарастыруды жоспарлап отырсыз?" - деді ол. 

Бұл сауалға министр Бағдат Мусин жауап берді. 

"Қазір 1432 ауыл Интернеттен тыс қалып отыр. Бірақ сіз айтқан салықтық жеңілдіктердің арқасында біз 2021-2022 жылдар аралығында 629 жаңа ауылды мекенді Интернетке қостық және 1300-ден аса ауылда жаңғырту жұмысын жүргізіп, сапасын көтердік, жаңа құрылғылар орнаттық. Қала берді, 1432 ауылды мекен шағын ауыл болғанымен, оларды Интернетке қосуды жоспарлап отырмыз. "Қолжетімді Интернет" жобасын әзірледік. Оның аясында 928 ауылға Интернет қосамыз. 504 ауылды мекен бар, оларға спутник арқылы Интернет жеткіземіз. 170-ін биыл спутниктермен қамтамасыз етеміз. Ал 330-ын келесі жылы қамтамасыз етеміз. Мобильді интернет проблема емес, 3 мың ауылдық мекенге ЖШС арқылы оның сапасына әсер ететін оптика кабелін тартамыз. Оптика тартылған ауылдарда 200 мың үй шаруашылығына дейін оптика кабелін жеткіземіз. Автожолдарды интернетке қосу үшін 500-ге жуық антенналық тірек орнатамыз, ол 17 шақырым жол. Одан басқа 5G, Каспий теңізінің астында оптикалық кабель жүргізуді жоспарлап отырмыз", - деді ол. 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

С. Бөлек