"345,7 миллион еуро". Халықаралық қайта құру және даму банкінен алынған қарыз қайда жұмсалды?

"345,7 миллион еуро". Халықаралық қайта құру және даму банкінен алынған қарыз қайда жұмсалды?
Фото: elements.envato.com

Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин Парламент палатарының бірлескен отырысында Халықаралық қайта құру және даму банкінен қарызға алынған ақшаның қайда жұмсалғанын сұрады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Мәжіліс депутаты сауалын премьер-министрдің орынбасары - қаржы министрі Ерұлан Жамаубаевқа жолдады. 

"Былтыр Қазақстан Халықаралық қайта құру және даму банкінен 345 миллион еуро қарыз алған. Осы мәселеге байланысты заң жобасын талқылаған кезде осы алынған қарыз республикалық бюджетте қарастырылған әлеуметтік және басқа да мәселелерге жұмсалады. Бюджет тапшылығын толық қаржыландырады деп айтылған болатын. Депутаттар "алынған қарыз қандай шығыстарға жұмсалады" деп бірнеше сұрақ қойды. Біз сол кезде тұжырымды жауап ала алмадық. Осы алынған қаржы қандай мақсатта жұмсалды, ол игерілді ме? Игерілсе, қандай бюджеттік бағдарламалар мен нысандарға бағыттадыңыздар?" - деді ол. 

Жамаубаевтың айтуынша, бұл қаражат әлеуметтік бағыттарға және экономиканың дамуына жұмсалған. 

"Жалпы сырттан алған, оның ішінде халықаралық қаржы ұйымдарынан алынған қарыздардың талаптары қатаң. Оның факторы көп: макроэкономикалық тұрақтылық, елдің рейтингі. Дүниежүзілік банктің талаптарына келетін болсақ, олар елімізде жүргізіліп жатқан нарықтық реформалар мен структуралық реформалардың нәтижелеріне баға беріп отыр. Олар жақсы баға беріп отырғаннан кейін осы несиені жеңілдікпен берді. 345,7 миллион еуро жақын арада игерілді. Ол әлеуметтік бағыттарға және экономиканың дамуына жұмсалып отыр. Өңдеу өнеркәсіптерін дамыту үшін жеңілдетілген несие беріліп отыр, теміржол вагондары ескірген, вагон сатып алу үшін ҚТЖ-ға несие беріліп отыр. Бұл қаражат қайтарылды, ол толық игерілді", - деді Жамаубаев. 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

С. Бөлек