Алматы облысында мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған лагерь ашылды

Қапшағай су қоймасының жағасындағы "Балдәурен" оқу-сауықтыру кешенінде ерекше қажеттілігі бар балаларға арналған "All Ability Camp" спорттық лагері алғаш рет өз жұмысын бастады. Игі шараның ұйымдастырылуына "Самұрық-Қазына" қоры мұрындық болған.

Жазғы лагерьде әрқайсысы 5 күннен құралатын 4 маусым өтеді. Әр маусымда 50 бала мен олардың ата-анасы демалады. Балалардың және ата-ананың келу-кету жолы, жатын орны мен 5 мезгіл тамағы қарастырылған. Оған қоса, лагерь жұмысына спорт жаттықтырушылары мен арт-терапия мамандары тартылған. Әрі ата-аналармен жеке жұмыс жасайтын психолог мамандар да бар. Мұндай демалысқа қор 53 миллион теңге қаражат бөлген. Ал жобаның негізгі концепциясын жасаған идея авторы, "ДЦП life" қорының басшысы Зәуре Итенова алғаш рет 2022 жылдың жазында 20 балаға арналған 2 күндік сауықтыру лагерін ұйымдастырған.

Биыл оның идеясы "Самұрық-Қазына" қорының тарапынан қолдау тапқан. Еріктілерді тарту, лагерьдің жоспарын дайындау жұмыстарымен "ДЦП Life" қоры айналысқан. 50 еріктіні жинау оңайға соқпаған. Олардың ішінде оқушылар, студенттер, шетелден қонақ болып келген туристер де бар. Қонаевтағы лагерьге "ДЦП life"-тың оңалту шараларынан өтіп жүрген балалар мен қор қызметкерлерінің мүмкіндігі шектеулі балалары арнайы шақыртумен келген.

"Біз жыл сайын ерекше балаларға бағытталған бейіндік спорт, инклюзивті спорт алаңдарын ұйымдастырып, оқу-жаттығулар өткізіп, ем-домдар жасау сияқты көптеген жобаларға қолдау көрсетеміз. Бұл шара қордың 15 жылдығына орай ұйымдастырылды. Одан бөлек, демалыс арқылы ата-аналарға да көмек беру жоспарланып отыр", – дейді қордың бас директоры Альфия Адиева.

Қазақстанның түкпір-түкпірінен жиналған ата-аналар мен балалар мұндай демалысқа келгендеріне қуанышты. Мысалы, Түркістан облысы, Жетісай қаласынан келген Балжан Ибадуллаева жоба туралы естіген соң қызы Айкөркем Усербайды ертіп келген. Ал Салидаттың айтуынша, ол пойызбен жүруден шаршап, анасына ұшақпен баруға өтініш жасаған. Бұл өтініш демеушілер арқылы іске асқан.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!