Шымкентте әскери қызметшінің өліміне қатысты жаңа дерек айтылды

Шымкентте әскери қызметшінің өліміне қатысты жаңа дерек айтылды
Фото: ©️ Tengrinews.kz / Тұрар Қазанғапов

Шымкентте әскери қызметші қашықтықты жаяу еңсеру бойынша жүгіру жаттығуларынан кейін көз жұмды. Дәрігерлер оқиғаның мән-жайын айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі otyrar.kz-ке сілтеме жасап. 

15 маусымда 6506 әскери бөлімнің жауынгерлік даярлық жоспарына сәйкес әскери қызметшілермен қашықтықты жаяу еңсеру бойынша жүгіру жаттығулары өткізілді. Іс-шара аяқталғаннан кейін 34 жастағы Б. есімді әскери қызметші өзін нашар сезінді, оған дереу алғашқы медициналық көмек көрсетілді. Кейін ол Шымкенттің Бірінші қалалық клиникалық ауруханасына жеткізіліп, реанимация бөлімшесіне жатқызылды. Келесі күні сағат 17:15 шамасында әскери қызметшінің қайтыс болғаны анықталды. 

"Ұзақ физикалық белсенділіктен кейін әскери қызметші өзін нашар сезінген, оған клиникалық өлім тіркелді, дәрігерлер оны реанимациялады. Ауруханаға түскеннен кейін жансақтау бөліміне жатқызылды, келесі күні есін жимай қайтыс болды. Ол үшінші дәрежелі комаға түскен. Өлім себебі - ішкі ағза мүшелерінің істемей қалуы", - дейді Шымкенттегі №1 клиникалық аурухананың бөлім меңгерушісі Қуаныш Лекеров.

6506 әскери бөлімінің өкілдері бұл оқиғаға қатысты пікір білдірді. 

"Қазір тергеу жүріп жатыр, қызметтік тексеру тағайындалды. Денсаулыққа қатысты шағым болған-болмағанын қазір айта алмаймыз. Бұл қазір нақтыланып жатыр. Марқұмның туған-туыстарына көңіл айтамыз", – дейді 6506 әскери бөлімі командирінің тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Ернар Әшірбеков.

Еске салайық, бұған дейін Шымкентте сарбаз жүгіру жаттығуынан кейін көз жұмғанын хабарлаған едік. 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

С. Бөлек