Үстіне шкаф құлаған: балалар орталығында 6 жастағы бала көз жұмды

Үстіне шкаф құлаған: балалар орталығында 6 жастағы бала көз жұмды
Фото: Көрнекі сурет/Tengrinews.kz/Тұрар Казангапов

Алматыда балалар орталығында 6 жастағы бала көз жұмды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Алматы" телеарнасына сілтеме жасап.

Куәгерлердің айтуынша, сабақ арасындағы үзіліс кезінде ойнап жүрген баланың үстіне шкаф құлап, сол жерде тіл тартпай кеткен.  

Оқиға 16 маусымда күндіз болған. Оқу орталығы қаладағы тұрғын үй кешендерінің бірінде төменгі қабатта орналасқан. Тұрғындар сол күні мұнда полиция мен жедел-жәрдем көлігі келіп, қарбалас болғаннан басқа ештеңе көрмегенін айтып отыр.  

"Мен тек полиция көлігінің тұрғанын байқадым. Бастапқыда ұрлық болған шығар деп ойладым. Бала өлімінің тіркелгенін кешкісін естідік", - дейді қала тұрғыны Махида Қарамаева.

Орталық балаларды мектепке дайындайды. 

"Көпшілік мұнда ыңғайлы жерде орналасқаны үшін ғана оқытады. Ата-аналардың баласын қаланың әр бұрышына апаратын уақыты жоқ. Ал бұл үйдің төменгі қабатында тұр. Оқуға беретіндердің көпшілігі осы тұрғын үй кешенінде тұрады", - дейді қала тұрғыны Ольга Калганова.

Бұл жағдай қоғам белсенділерінің де назарына іліккен. Олар оқыту орталықтары мен балабақшаларға бақылауды күшейту керек екенін айтады.

"Қазір кез келген адам - өз алдына жеке кәсіпкер. Салық басқармасына тіркеледі де орталық аша салады. Көпшілігінің балаларды оқытуға да рұқсат қағаздары жоқ. Мұндай жерлерге тексеру де аз. Себебі қазір шағын және орта кәсіп иелеріне мораторий қойылғаны белгілі. Ашығын айтсақ, қазір еліміздегі жеке білім беру орталықтары білгендерін істеп отыр. Білім жүйесін де қадағалап жатқан ешкім жоқ", - деді Қалалық қоғамдық кеңес мүшесі  Рафаэль Гасанов.

Қайғылы оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалған.

"Бұл дерек бойынша қазір Бостандық аудандық полиция басқармасында Қылмыстық кодекстің 141-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалып, тиісті сараптамалық зерттеулер тағайындалды", - деді Алматы қалалық Полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова