Экс-министр Арыстанбек Мұхамедиұлы 8 жылға бас бостандығынан айырылды

Экс-министр, Ұлттық музей басшысы Арыстанбек Мұхамедиұлына сот үкімі шықты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Астана қаласының №2 Байқоңыр аудандық сотының судьясы Бағлан Ыдырысов бұрынғы министр Арыстанбек Мұхамедиұлына шығарылған сот үкімін оқыды. Мұхамедиұлы 8 жылға бас бостандығынан айырылды.

"Сот Арыстанбек Мұхамедиұлын Қылмыстық кодекстің 28-бабы 3-бөлімінде, 189-бабы 4-бөлімі 2-тармағында көзделген қасақана қылмыстық құқықбұзушылық үшін кінәлі деп тапты", - делінген сот үкімінде.

Сондай-ақ, сот Мұхамедиұлын мемлекеттік наградалардан айыру туралы қаулы шығарды. Сот шешімімен Арыстанбек Мұхамедиұлы мемлекеттік қызметте, жергілікті өзін-өзі басқару органдарында қызмет атқару құқығынан өмір бойына айырылды.

Айта кетейік, 2022 жылғы мамырда Арыстанбек Мұхамедиұлы қамауға алынған еді. Ол кезде Мұхамедиұлы ұлттық музейді басқарып тұрған болатын. 28 мамырда сот санкциясымен Мұхамедиұлына қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы тағайындалды.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет "Әлем мұражайлары бойынша "Алтын адам" шеруі" халықаралық көрмесін өткізу бойынша мемлекеттік сатып алу туралы шарт шеңберінде 146 миллион теңге мөлшерінде бюджет қаражатын жымқыру дерегіне қатысты ұлттық музейдің лауазымды тұлғаларына және басқа да адамдарға қатысты тергеуді бастады. 

Шілдеде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет агенттігі өкілдері ұлттық музейдің бұрынғы басшылығына және басқа да адамдарға қатысты 2017-2018 жылдары "Ақпараттық ресурстарда нысандарды танымал ету үшін жалпыұлттық тізбеге енгізілген нысандардың 3D-модельдерін құру" жобасын іске асыру кезінде аса ірі мөлшерде бюджет қаражатын ұрлау дерегі бойынша тергеу жүргізіліп жатқанын мәлімдеді. Ресми деректер бойынша тергеліп жатқан қылмыстық істер бойынша мемлекетке келтірілген залалдың алдын ала сомасы шамамен 7 миллиард теңге болады.

Биыл қаңтарда бұл іске қатысты жаңа деректер пайда болды. Ұлттық музей директорының бұрынғы орынбасары Алмаз Нұразханның да қамауға алынғаны белгілі болды. Ал биыл ақпанда Арыстанбек Мұхамедиұлын қамауда ұстау мерзімі екі айға ұзарды. Бұған дейін прокурор Мұхамедиұлын тоғыз жылға бас бостандығын айыруды сұраған болатын.

Арыстанбек Мұхамедиұлының соты қашан өтетіні белгілі болды

Еске салайық, бұған дейін ол сотта кінәсін мойындамайтынын айтқаны хабарланған еді.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!