"Екібастұздағы жағдай қайталануы мүмкін." Қарағанды облысындағы кәріз желілері апатты жағдайда

Елімізде коммуналдық төлем бағасы қымбаттауы мүмкін деуі сол-ақ екен, Қарағанды облысында ең негізгі үш бірдей компания тарифтерді көтеруге өтініш білдірді. Әсіресе, кәріз қызметі бірден бір жарым есеге өсуі мүмкін, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Электрмен жабдықтаушы "Қарағанды ​​Жарық" компаниясы Монополияға қарсы департаментке тарифті 8 пайызға, "Теплотранзит-Қарағанды" қызмет құны үшін қазір 0,6 пайызға, келесі жылдан бастап 14 пайызға дейін көтеруге өтініш білдірді. "Қарағанды ​​су" да баға өсіруден қалыс қалмай тұр. Суық су тарифін биыл 5 пайызға, келер жылы бірден 10 пайызға қымбаттатуды сұрап отыр. Бұл пайыздық көрсеткіштер бер жағы. Компания кәріз қызметі үшін 53%-ға, содан кейін 75-ке дейін көтеруді сұрап отыр. Бағаның осыншалық құбылуының себебі туралы, бірде-бір компания әзірге тіс жарып, жақ ашпады. Дегенмен су арнасы бұған дейін "желілердің тозуы соншалық, қалада салдары жаман апат болуы мүмкін" деп дабыл қаққан еді.

"Қарағандыдағы барлық желілер өткен ғасырдың 60-80 жылдарында салынған. Елестетіп көріңізші? Олардың эксплуатациялық мерзімі 40-60 жыл. Мысалы, цемент құбырын алсақ. Ол ең көбі 40-45 жылға шыдас береді. Сондықтан жағдай күрделі. 90 жылдары тариф туралы талай рет айтқан болатынмын. Уақытты өткізіп алмайық деп те айтқан болатынбыз" дейді, "Қарағанды Су" ЖШС сумен жабдықтау қызметінің бастығы Николай Сеньковский


Коммуналдық саладағылар отыз жыл бойы тарифті тежеп, ұстап келгендіктен, соның салдарынан бүгінде жағдай тығырыққа тіреліп отыр дейді. Желілердің барлығы кеңес дәуірінен қалған мұра іспеттес, әбден тозған, модернизация да жеткіліксіз деңгейде екенін айтады. Қазіргі жағдайда тарифтің өзі жағдайды оңалта қоймайды. Мәселен, тариф көтерілгенде қосымша 5 миллиард теңге түсуі мүмкін, алайда кәріз желілерін жаңартуға бұл жеткіліксіз. Оған ондаған есе көп қаржы қажет. Табиғи монополияларды реттеу департаменті монополистердің барлық өтінімдеріне сараптама жүргізетіндерін айтады. Тарифтің көтерілуі желілердің тозу пайызын аз да болса төмендетсе, тарифтер көтерілетінін айтады.

"Туып өскен, туған қаламда тұрғындардың амалсыздан резина аяқ киіммен жүретіндей жағдайға жеткенін мен де қаламаймын. Бірақ кез келген шешім, әсіресе тарифтерді қалыптастыруға қатысты, таразылануы және тұтынушылардың да, табиғи монополиялар субъектілерінің де мүдделерінің теңгерімін ескеру қажет" дейді, Қарағанды ​​облысы бойынша табиғи монополияларды реттеу департаменті басшысының орынбасары Данияр Сырымбетов

Тариф өсімі тек қарағандылықтарды ғана емес, еліміздің өзге аймақтарында да болуы ықтимал. Әйтпесе, Риддер мен Екібастұздағы жағдай қайталануы мүмкін дейді мамандар. Бүгінде ең өзекті, әрі күрделі жағдай Теміртаудағы ЖЭО-да. Өткен жылдағы жылыту маусымында қараша халық дірдек қағып шыққаны көптің есінде. Тұрғындар алдағы қыста да былтырғы жағдай қайталанады ма деп алаңдаулы.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!