"Сөзімнің бұрмаланғаны ұнамады". Біржан Хасанғалиев әкесінің әндерін рұқсатсыз орындауға қатысты пікір білдірді

"Сөзімнің бұрмаланғаны ұнамады". Біржан Хасанғалиев әкесінің әндерін рұқсатсыз орындауға қатысты пікір білдірді
Фото: instagram.com/birjan_khassangaliev

Танымал композитор Ескендір Хасанғалиевтің ұлы Біржан Хасанғалиев әкесінің әндерін рұқсатсыз орындауға қатысты пікір білдірді. Бұл туралы өнер иесі БазарLike бағдарламасына берген сұхбатында айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Біржан Хасанғалиев айтқан сөзі Желіде бұрмаланып кеткеніне ренжулі. 

"Қазір сұхбат берген кезде ұзақ ойланамын. Instagram-да сөзім бұрмаланғаны ұнамады, әрине", - дейді ол. 

Біржан Хасанғалиев Qanay лақапатымен танымал әншінің "Бозторғай" әнін рұқсатсыз орындағаннан кейін мәлімдеме жасаған еді. Ол енді Ескендір Хасанғалиевтің әндерін орындамас бұрын рұқсат сұрауын өтінді. Оның айтуынша, ол әнді орындауға бағыт-бағдар беріп, көмектесетінін жеткіді. 

"Бұл оқиға жақсы аяқталды. Қазір жас әншілер, олардың продюсерлері міндетті түрде хабарласып рұқсат сұрайды. Рұқсат деген қандай мағынада?! Көбі түсінбей жатады. Мен рұқсат беріп, әннің дұрыс орындалуын қадағалаймын. Нота беремін, кабинетіме шақырамын, өзім ойнап беремін. "Композитордың жазғаны осылай, халыққа осылай жеткізу керек" деймін. Стиль, манера жағы бір бөлек, бірақ мелодия сақталуы керек", - деді ол. 

Еске салайық, бұған дейін әлеуметтік желіде Біржан Хасанғалиев пен Qanay-дың арасындағы мәселе туралы түрлі қауесет тараған еді. Мәселе Qanay лақапатымен танылған әнші Нұрболат Қанайдың "Бозторғайым" әнін орындауына қатысты туындаған болатын. Осы жағдайға қатысты Біржан Хасанғалиев пікір білдірді. 

"Qanay ініммен және оның продюсері Асхатпен өте жақсы кездесулер өткіздік. Жігіттер бәрін түсінді, қателіктерін мойындады, мен оларға ризамын. Ағасы ретінде, Қанай інімнің әншілік өнеріне сәттілік, үлкен биіктерге жетуін тіледім. Талантты жастар өсе берсін, жете берсін. Біз тілекшіміз! Ең бастысы, жуық арада шығатын Ескендір Хасанғалиев жазған Boztorgaiym әнінің тұпнұсқа нұсқасын тыңдармандар тамашалайды. Асыға күтеміз! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын", - деді ол.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

С. Бөлек