Шымкентте сарбаз жүгіру жаттығуынан кейін көз жұмды

Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының "Оңтүстік" өңірлік қолбасшылығы Шымкентте әскери сарбаз өлімінің мән-жайын айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

"2023 жылғы 15 маусымда 6506 әскери бөлімнің жауынгерлік даярлық жоспарына сәйкес әскери қызметшілермен қашықтықты жаяу еңсеру бойынша жүгіру жаттығулары өткізілді. Іс-шара аяқталғаннан кейін әскери қызметші Б. өзін нашар сезінді және оған дереу алғашқы медициналық көмек көрсетілді.

Әрі қарай ол Шымкент қаласының Бірінші қалалық клиникалық ауруханасына жеткізіліп, реанимация бөлімшесіне жатқызылды. Келесі күні сағат 17:15 шамасында әскери қызметшінің қайтыс болғаны анықталды", - деді ҚР Ұлттық ұланының "Оңтүстік" өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі өкілдері.

Оқиғаның себебі мен мән-жайын анықтау үшін қызметтік тергеу тағайындалды.

"Оңтүстік" өңірлік қолбасшылығы мен Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының 6506 әскери бөлімі әскери қызметшінің отбасы мен жақындарына қайғыға ортақтасып көңіл айтады", - делінген хабарламада.

Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге де мәліметтер тергеу мүддесі үшін жария етілмейді. 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!