Ахметовтің кетуі, Төреғалидің есірткіге мас болып ұсталуы. Өткен апта несімен есте қалды?

Ахметовтің кетуі, Төреғалидің есірткіге мас болып ұсталуы. Өткен апта несімен есте қалды?
Фото: instagram.com/altay_kulginov_official

Massaget.kz тілшісі өткен аптада Қазақстанда болған басты жаңалықтарға шолу жасады.

12 маусым - қаралы күн

Өткен апта 12 маусым - қазақстандықтар үшін қаралы күннен басталды. Абай облысындағы өрттен 14 орманшы қаза тапты. 8 маусымда басталған Семей орманы өрті 1 аптада 60 мың шаршы шақырымды қамтыды. Бақилық болған 14 адамның отбасына 7 миллион теңге, сондай-ақ, қосымша әр балаға 2 миллион теңге төленетіні айтылды. Сонымен қатар, қаза тапқандардың отбасына пәтер берілді.

Сондай-ақ өртті сөндіруге көмектесуге кеткен орман шаруашылығының қызметкері, тракторшы Сергей Архиповтің отбасына Семей қаласы Қарағайлы шағынауданындағы жаңа пәтерінің кілті табысталды.Ер адамның денесінен зорлық-зомбылық белгілері жоқ, сондай-ақ алғашқы тексеру кезінде өрттен қаза болғанын көрсететін белгілер табылмаған. Жүргізілген сот-медициналық сараптаманың қорытындысына сәйкес, ер адамның өлімі жүрек жеткіліксіздігі - кардиомиопатия нәтижесінде болған.

Тағайындаулар 

Президент Аружан Саинды қызметінен босатты. Саин бұл қызметке 2019 жылдың 18 шілдесінде келген. Оның орнына бала құқықтары жөніндегі уәкіл қызметіне Динара Зәкиева келді. 

Сонымен қатар, Светлана Жақыпова Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Халықтың әлеуметтік жағынан осал санаттарының құқықтары жөніндегі уәкіл лауазымына тағайындалды. 

Абай облысында өртенген Бородулиха ауданының әкімі ауысты. Облыс әкімі Нұрлан Ұранхаевтың өкімімен Бородулиха ауданының әкімі болып Айдар Ибраев тағайындалды. Облыс басшысының аудан өкілдерімен кездесуі бір минут үнсіздіктен басталды. Нұрлан Ұранхаев жаңа әкімді таныстырып, экономиканың өсуін қамтамасыз ету және ауданның әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерін жақсарту үшін барлық әлеуетті пайдалануды тапсырды.

1 шілдеден бастап "Семей орманы" қызметкерлерінің жалақысы көтерілетін болды

Бұл туралы Экология және табиғи ресурстар министрі Зүлфия Сүлейменова мәлімдеді.

Оның айтуынша, жалпы аудан бойынша төрт жыл ішінде қаржыландыруды ұлғайту жоспарда бар. Бұл қаражат арнайы техникаларды жаңартуға және өртті ерте анықтау жүйесін орнатуға жұмсалады. 

Ақтөбелік оқу орындарында бомба барын айтқан 10-сынып оқушысы сотталды

Жарылғыш зат туралы жалған хабарлама берген оқушыға Ақтөбе қаласының кәмелетке толмағандар істері жөніндегі ауданаралық соты үкім шығарды. 10-сынып оқушысының 6 айға бас бостандығы шектелді.

Фото: polisia.kz

ТЖМ-нің экс-басшысы Юрий Ильинге қатысты тексеріс жүргізіледі

Мәжіліс алаңында ішкі істер министрі Марат Ахметжанов құқық қорғау органдары қызметкерлері төтенше жағдайлар жөніндегі экс-министр Юрий Ильинге қатысты тексеру жүргізетінін айтты. 

Фото: emer.gov.kz

Алматы ауруханасында науқастардан АИТВ анықталды

Алматы ЖИТС орталығының мамандары Орталық қалалық клиникалық ауруханасында АИТВ оң нәтижесі  бар үш жағдайды анықтады.

Анықталған деректер негізінде Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы бұйрығымен 2 маусымда ҚДСБ басшысы  орынбасарының төрағалығымен және Алматы ЖИТС орталығы қызметкерлерінің комиссиясы құрылды. Комиссия АИТВ-инфекциясының берілу көздерін анықтау бойынша ішкі тергеу жүргізді, донорлар, медицина қызметкерлері және байланысқан адамдар тексерілді. Комиссия жұмысының қорытындысы бойынша жаңа деректер анықталған жоқ, тексерілгендердің нәтижесі теріс екені расталды.

Алматыда әнші Төреғали Төреәлі ұсталды

Әлеуметтік желіде әнші Төреғали Төреәлі Алматыдағы көшелердің бірінде ұсталғаны туралы ақпарат тараған еді. Полиция осы дерекке қатысты пікір білдірді.

Алматы қалалық Полиция департаменті 14 маусымда Майлин көшесінің бойында, солтүстік бағытта, жергілікті полиция қызметінің мамандандырылған батальонының экипажы Төреғали айдап келе жатқан Lexus автокөлігін тоқтатқан.

"Жүргізушінің мінез-құлқы өрескел болып көрінді: ол агрессив болды, полицияның заңды талаптарына бағынбады, тұрақта тұрған Chevrolet көлігіне зақым келтіріп, ұсталған орнынан қашып кетпек болды. Құқықбұзушының жолы бұғатталды. Патрульдік полиция қызметкерлері оны ұстап, медициналық тексеріске алып барды. Сараптама нәтижесінде А. есімді азаматтың есірткіге мас екендігі белгілі болды", - делінген полиция хабарламасында.

Полиция Төреғали Төреәлінің ұсталған сәті анық көрінетін видеоны жариялады

Әнші әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 608-бабының 3-бөлігінде көзделген әкімшілік құқық бұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп танылып, оған 20 тәулікке қамауға алу түріндегі әкімшілік жаза тағайындалды. Сонымен қатар, Төреғали Төреәлі 7 жыл мерзімге көлік құралын айдау құқығынан айырылған.

Абай облысындағы орман өрті ауыздықталды

2023 жылғы 14 маусымда сағат 21:00-де әуеден барлау және жедел жағдайды бағалау қорытындысы бойынша төтенше жағдайлар вице-министрі генерал-майор Марат Күлдіков Абай облысындағы Семей орманы табиғи резерватының аумағындағы табиғи өрттің оқшауланғанын айтты.

Тараз әкімінің экс-орынбасары Грузиядан экстрацияланды

15 маусымда Грузияның Әділет министрлігі лауазымдық құзыретін асыра пайдаланғаны және 50 миллион тенгеден аса бюджет қаражатын ысырап қылғаны үшін күдікті деп танылған Тараз әкімінің бұрынғы орынбасарын ұстап беру туралы Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының сұрауын қанағаттандырды. Күдікті қылмыс жасағаннан кейін қылмыстық қудалау органынан бой тасалаған, сондықтан оған қатысты халықаралық іздеу жарияланған.

Фото:Бас прокуратура ұсынған видео кадры 

Даниал Ахметов қызметінен босатылды

Шығыс Қазақстан облысын 9 жыл басқарған Даниал Ахметов қызметінен босатылды. Оның орнына Ермек Көшербаев облыс әкімі болып тағайындалды.

Үлкен Алматы айналма жолы пайдалануға берілді

Үлкен Алматы айналма автомобиль жолы ресми түрде ашылды. Бұл туралы ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі хабарлады.

Ашылу салтанатына Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев, Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев және Ұлттық экономика министрлігінің басшысы Әлібек Қуантыров қатысты.

Фото: Ернар Алмабек

Павлодар қаласы әкімінің орынбасары қамауға алынды

15 маусымда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет бизнесті қорғау бойынша қабылданып жатқан шаралар аясында Павлодар қаласы әкімінің орынбасары Арслан Қалияқбаров ұсталды. Ол жолдарды жөндеу бойынша мемлекеттік сатып алу шарты бойынша орындалған жұмыстардың актілеріне кедергісіз қол қойғаны үшін кәсіпкерден пара алды деген күдікке ілінді.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

С. Сатыбалдина